Ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы Қызылқоға ауданына сапарын қорытындылады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің бастамасымен мұнайлы өлкеге арнайы жұмыс сапарымен келген республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы Қызылқоға ауданына сапарын Миялы селосындағы «Бәйтерек» орталық мешітінде қорытындылады.
Ақшам мен Құптан намаздары аралығында ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызы туралы айтты.
"Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік" деп Абылай хан айтқандай, "Рухани жаңғыру" бағдарламасында ісімізден санамыз озып жүру керектігіне баса назар аударылған. Исламның өзі сана тазалығын қолдайды" деп атап өтті ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы.
Құптан намазынан кейін ұстаз Қабылбек Әліпбайұлының құрметіне дастархан мәзірі дайындалып, басқосу барысында жастар мәдениеті, тәрбие бағытында уағыз айтылды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.