Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сұлтан Бейбарыс мешітінде уағыз айтқан ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы ел бірлігін нығайтуға шақырды

Мұнайлы өлкеге жұмыс сапары аясында белгілі исламтанушы ғалым, республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Қабылбек Әліпбайұлы Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде жергілікті жамағатпен жүздесті.

         Бесін намазына дейін уағыз-насихат жүргізген ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы  ел бірлігін сақтау, жас ұрпақ тәрбиесі тақырыбын тереңінен қозғады. "Адам қандайда бір нәрсеге арқа сүйеп, сенім артпай өмір сүре алмайды. Сондықтан, біздің мемлекетіміз де өз азаматтарының наным-сенім бостандығына еркіндік беріп отыр. Мұны біз тарихтан алған сабақ деп бағалаймыз. Иә, қазақ халқының ата діні – Ислам. Біз Ислам дінін ұстанып қана қоймадық, Ислам өркениетіне белгілі бір дәрежеде үлес қостық. Бұған Орта Азия, бұрынғы Мауеренаһр аймағынан шыққан көптеген ғалымдарды дәлел етуге болады. Қай кезеңде де біздің ата-бабаларымыз дінді ел бірлігін ұйыту, ұрпақты адалдық бағытында тәрбиелеу жолында ұстанды" деп атап өтті ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы.

         Уағыз соңында ұстаз мешіт жамағаты тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға