Атырау облысының Бас имамы күзеттің форматын өзгертуді ұсынды
islam-atyrau.kz/1 наурыз, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров күзеттің форматын өзгертуді ұсынды.
Бас имамының пікірінше, қазіргі таңда күзет ысырапқа айналып бара жатыр.
«Бұрынырақта ата-бабаларымыз қайтқан кісіге жеке киіз үй тігіп, оның сүйегін оңашада күзеткен. Және марқұмды екі күн күзетудің кезінде екі себебі болған.
Біріншіден, «Ажал адамға айтып келмейді» яғни адам баласы «бүгін яки ертең өлім келеді» деп, ажалға дайын отыра алмайды. Мысалға, қазақтың бұрынғы тұрмысына үңілер болсақ, шаңырақта адам қайтыс болған кезде, кісінің ұл-қызы, туыс-бауыры алыс ауылдарда тұрды. Ол кезде бүгінгідей автокөліктер, ұялы телефон, интернет байланысы жоқ еді. Осы себепті халқымыз мәйітті бір күн, кейде екі күн күттіретін болған.
Екіншіден, табиғат факторын назарға алуымыз керек. Мысалға, қатты қара суық түсіп, қар қалың болса, жердің тоңы жібімеген кезде қабірді қазып, орын дайындау мәселесінің біршама қиындық тудыратыны белгілі.
Қазіргі кезде кісінің қайтқандығы жөнінде хабар әрі кетсе екі-үш сағаттың ішінде тез тарап болады. Хабар тарағаннан кейін біз мәйітті бір бөлмеге қоямыз. Бірақ, күзетпейміз. Неге? Себебі, келіп жатқан «адам көп» деген желеумен жұрт біткеннің барлығы күзет үшін жайылған мейрамханадағы дастарханға кетеді.
Асылында, сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып, Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды да, тағам жеуге болады ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па? Міне, сондықтан, қайғылы үйге ауыртпалық салудан сақтанғанымыз жөн.
Бізге күзеттің форматын өзгерту керек. Марқұмды жақын туыстары бір күн күзетіп, қалғандары көңіл білдіріп шықса, екінші күні мәйітті кебіндеп, жер қойнына тапсыруға асығуымыз қажет» деп нақтылады Бас имам.
(Толық нұсқасы islam-atyrau.kz-ның мақалалар бөлімінде)
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.