Бас имам Батыржан Мансұров қасиетті Бараат түнімен құттықтады
islam-atyrau.kz/19 сәуір, 2019 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров атыраулықтарды қасиетті Ләйләту Әл- Бараат түнімен құттықтады.
«Хижра жыл санауы бойынша Шағбан айының ортасында бүкіл әлемдегі мұсылмандар қасиетті Ләйләту Әл - Бараат түнін күтеді. 2019 жылы ол 19 сәуірден 20 сәуірге қараған түнге келеді. Бұл ерекше күн, өйткені дәл Бараат түні Жаратушы Алла Тағала пенделерінің дұғаларын қабыл етеді. Яғни, Алла Тағала шынайы иман келтіріп, ғибадат еткендерді рақымына бөлеп, тәубесін қабыл ала отырып, күнәларын кешіреді және марапаттайды.
Араб тілінен аударылғанда «Бараат» сөзінің мағынасы «тазарту», «арылу» дегенді білдіреді. Сондай-ақ, бұл түнді "дұға жасау, жауап алу, үлестіру, рақымшылық алу" түні деп те атайды. «ЛәйләтуӘл-Бараат» – бұл Жаратқанның зор мейірімі мен күнәдан тазарту түні.
Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) «Бұл түнде Алла Тағала құлдарының ниетіне қарай күнәсына өкінгендердің күнәсін кешіреді, тәубесін қабыл алады. Тек пұтқа табынатындар мен ағайынмен қарым-қатынасын бұзғандардың дұғасын қабыл алмайды» деген.
Қасиетті түнді Құран оқып, дұға жасап өткізген жөн. Сонымен бірге, марқұмдарды еске алып және Алла Тағаладан олардың күнәларын кешіруін тілеп, олар үшін рақымшылық сұрау керек. Ата-ананы қадірлеп, үлкендерге құрмет көрсетіп, балаларға қасиетті Әл - Бараат түнінің маңыздылығын түсіндірген абзал. Алла Тағала ниеттеріңізді қабыл етсін» делінген құттықтауда.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.