Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бас мешітте әйел шәкірттер үшін рухани шара өтіп, жаңа ұстаз таныстырылды

islam-atyrau.kz/ 5 мамыр, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторының Атырау облысы бойынша өкілдігі "Амал жаса, құлшылық ет, Амалыңмен өзіңді түзет" атты рухани шара өткізді.

Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Мансұров қасиетті Құранмен ашқан шарада Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) сансыз салауат айтылды. 

"Араб әліппесі", "Тәжуид" сабақтарын бітіріп, Құранға түскен сауат ашу курсының шәкірттеріне Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров сертификаттар табыс етті. Және қатысушыларға Құран турасында мағыналы уағыз айтты. "Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы.

Ибн Масғуд (р.а.): "Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын"; "Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін", – деген. 

Және де оның "Кімде-кім Құранды күндіз хатым етіп оқыса, сол күні періштелер кешке дейін оған салауат айтып тұрады. Ал енді кім Құранды түнде хатым етіп оқып шықса, таң атқанша періштелер оған Алладан жарылқау тілеп шығады", – деп өсиет еткен" деп атап өтті.

Шара аясында әйел жамағатының ұстаздарына, яғни Айша Түзелова, Бибінұр Үрбісінова, Жанаргүл Бекенова және Ақниет Амантайқызына шәкірттер атынан алғыс хат, сыйлықтар табыс етілді. Сонымен бірге, мешіт ұстаздарының ислам діні, Құран, ораза тақырыптарындағы уағыздары тыңдалды.   

Тағы бір жаңалық - бұл күні орталық "Иманғали" мешітінің әйелдер жамағаты үшін ұстаз тағайындалды. Аружан Айтпаева енді сауат ашу курсында білім беріп, әйелдер жамағатына уағыз-насихат жүргізетін болады. 

Және бір айта кетерлігі, мешіт шәкірттері әйелдер дәрісханасына қабырға стендін тарту етті. Ол стендтерде хадис-шарифтер жазылды. Және әйелдер жамағаты асыл дінімізді насихаттау жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровқа, мешітке қызмет қылып жүрген әйел қызметкерлерге арнайы сыйлықтарын табыс етті. 

Рухани шараға сауат ашу курсының шәкірттерінен бөлек, мешіт жамағаттары да арнайы қонақ ретінде шақырылған болатын. Игі шараның соңы ақ дастарханға жалғасты. Және мешітке қадам басып келген барша жамағатқа "Мұсылман қорғаны", "Алланың 99 есімі" сынды құнды кітаптар табыс етілді. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға