Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан айшықтары: Сұлтан Бейбарыс мешітінде 60 адамға құрма мен зәм-зәм суы таратылды

  islam-atyrau.kz/7 мамыр, 2019 жыл.  Сауабы мен шарапаты мол ай - оразаның алғашқы күні Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде қасиетті Мәдинә қаласынан алынған әжуә құрмасы мен зәм-зәм суы шам намазына келген жамағаттарға үлестірілді. Осылайша, ауыз ашар үшін бір мезгілде 60 адамға   құрма мен зәм-зәм суы таратылды.

         Бүгінгі таңда мешітте Рамазан жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Кеше кешкілік Тарауих намазына жиналған жамағаттың санында шек болмады. Намазға жиналған жұртшылыққа Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев уағыз айтты.

«Рамазан - ақ пен қараны ажыратушы, адамзатқа тура жол көрсетуші қасиетті Құран түскен ай. Жылына бір рет келетін бұл айда көптеп сауап жинауға зор мүмкіншілік бар. Рамазан айында тозақ есіктері жабылады, жұмақ есіктері ашылады, шайтандар кісенделеді. Рамазанның алғашқы он күндігі рақым, ортасы кешірім, соңғы он күндігі тозақтан құтылу, осы айда барынша жақсылықтар, ізгі істер жасап Алланың уәде еткен сауабынан үлесімізді алуға асығайық» деген  бас имам Ержан Қағазғалиев намаз соңында еліміздің тыныштығы, жеріміздің тұтастығы үшін дұға тіледі.

Еске сала кетелік, Рамазан құрметіне мешітте «Құран», «Тәжуид», «Әліппе» дәрістері тұрақты жүріп жатыр. Мешітте күніге бір мезгілде 100 адамға ауызашар беріледі. 

 

 

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі

Жоғарыға