"Аяттан - амалға": Сұлтан Бейбарыс мешіті түсірген кезекті әлеуметтік ролик ізгілікке үндейді (+ФОТО+ВИДЕО)
islam-atyrau.kz/19 мамыр, 2019 жыл. Өзі егде тартқан жігіт ағасы қарт анасын тамақтандырып отыр. Осынау керемет көрініс баршаға "мейірімді бол" деп тұрғандай! Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті қолға алған жоба - "Аяттан - амалға" ролигінің кезекті топтамасы көрермендерін осынау ізгілікке үндейді.
"Жаратылыс әлемінің Раббысы Алла Тағала күллі адамзат баласына мейірімді һәм рақымды болуға шақырады. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімде аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла: "Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге, күллі жаратылысқа теңдесі жоқ рақым ретінде жібердік" дейді. Яғни, мейірім жасау үшін. Бұл сөз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге, Оның барлық үмметіне айтылған. Яғни, мұсылман үмметі бір-біріне мейірімді болуы тиіс. Ролик арқылы біз бауырларымызды жылағанды жұбатып, құлағанды демеуге үндедік" дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.
Роликте әсіресе, судың босаған құтысымен ойнап жүрген балалар көрінісі ойландырады. Қасиетті Рамазанда ізгілікті молайтуға шақыратын ролик барысында Сұлтан Бейбарыс мешітінің өкілі босаған құтының орнына балаларға доп сыйлап, бөтелкені қоқыс жәшігіне тастайды. Екінші сюжетте далада ойнап отырған бүлдіршінге үлкен машинаны сыйға тартып, кішкене ғана жүрек иесіне ізгіліктің нұрын себеді.
Соңғы сюжет те күнделікті көріп жүрген картина. Көлігі көше ортасында тұрып қалған жігітке мешіт қызметкері көмекке келеді.
Ізгілік әлемді жақсартады. Бір-бірімізге мейіріміміз азаймасын ағайын!
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.