Атырау: "РАМАЗАН КЕРУЕНІНЕ" ҮЛЕС ҚОСТЫ (ФОТО+ВИДЕО)
islam-atyrau.kz/26 мамыр, 2019 жыл. Қасиетті Рамазан айының құрметіне бастау алған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Рамазан керуенін» Атырау өкілдігі де жылы қабылдап, сауапты істі жалғай түсті.
Нақты айтар болсақ, Атыраудың бас мешітінде 500 отбасыға "Рамазан керуені" үшін әзірленген азық-түліктер таратылды. Әлеуметтік жағдайы төмен жандарға, көп балалы әрі тұрмысы төмен отбасыларға, шынайы мұқтаждарға Атырау облысының өкіл имамы, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров өз қолымен табыстады.
"Біздің - мақсатымыз елордадан бастау алған "Рамазан керуеніне" өз үлесімізді қосу әрі қайырымдылық жұмысын онан әрі жандандыру. Рамазан - рақымшылық айы. Рамазан - ізгілік пен жақсылықтың айы. Бұл айда жасалған әр қайырымды істің сауабы да мол болады. Асылында, мұқтаж жандар қашанда қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Мұндай ізгілікті шаралар Рамазанмен бірге, басқа айларда да жалғасын табады" деді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров. Сондай-ақ, қандай жағдайда да Алладан үміт үзбей, шүкіршілік ете білу - мұсылманға тән негізгі сипат екенін де атап өтті. Әрқайсы 30 килограмм болатын пакеттерде аса қажетті азық түрлері салынған. "Рамазан керуенінен" өз үлесін алған барша кісілер ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.