Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырауда әйелдер жамағаты «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы бойынша емтихан тапсырды

islam-atyrau.kz/31 мамыр, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйелдер-қыздар секторы Атырау облысы бойынша өкілдігінің бастамасымен нәзік жанды жамағат арасында білім жобасы басталды.

Жуырда әйел-қыздар жамағаты адамзаттың асылы Алла Елшісі (с.ғ.с) туралы жазылған «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы бойынша емтихан тапсырды.

Барлығы он адам қатысқан сайыста Жансая Маратқызы бірінші орын алып, топ жарды. Екінші және үшінші орындарды Амина Өсімханқызы мен Арай Аманқосқызы иеленді.

«Біздің мақсатымыз әйел жамағаттың діни ілімін тереңдету. Ал, кітаптың құндылығы өз алдына бөлек тақырып. Он сегіз мың ғаламға рахмет ретінде жіберілген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір баяны жайында жазылған кітап әр мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Ол (с.ғ.с) өмірге келмес бұрын дүниенің халі мүшкіл, адамзат өмірі түнекте болатын. Оның (с.ғ.с.) нұры күллі ғаламға сәуле боп төгілді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келуімен көңілдерді перделеген қараңғылық серпіліп, саналарды тұмшалаған тұман сейілді. Иман кәусарына қаныққандар жаратылыстың мәнін ұға бастады. Небары жиырма үш жыл ішінде Ол (с.ғ.с) екі дүниеде өшпейтін, өлмейтін киелі мұра қалдырды. Арадан он төрт ғасыр өтсе де, Оның (с.ғ.с.) мирасын жүрек түкпірінде сақтаған түрі мен тілі басқа бір жарым миллиардтан астам үмметінің қатары күннен күнге көбейе түсуі осының айғағы» дейді Әйелдер-қыздар секторы Атырау облысы бойынша өкілдігінің жауаптысы Айжарқын Түзелова.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.

Жоғарыға