Рамазан айшықтары: қасиетті Қадір түнін атыраулықтар ерекше жағдайда қарсы алды (+ФОТО)
islam-atyrau.kz/1 маусым, 2019 жыл. Мың айдан да қайырлы түн - қасиетті Қадір түнін Атырау халқы ерекше жағдайда қарсы алуда. Жер беті сәлеметке тұнатын қасиетті Қадір түнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров жиналған жамағатқа қасиетті түн туралы уағыз айтты.
"Мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам мезгілді қамтиды. Яғни, қасиетті түнде Хақ Тағалаға ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады" дейді Бас имам Батыржан Мансұров.
Қасиетті түні Тарауық намазымен қоса, жамағатпен бірге Таспих намазы өткізілді. Ерекше айта кетерлігі, қасиетті түнде жамағат арасында викториналық сұрақтар қойылды. Рухани һәм интеллектуалдық сауалдарды орталық "Иманғали" мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат Мұстафаев жүргізді. Сауалдарға үздік жауап берген азаматтарға түрлі бағалы сыйлықтар берілді.
Және қасиетті түнде Тәһажжуд намазы оқылды. Сондай ақ, бұл түні Атыраудың бас мешітінде 2500 адамға сәресі дастарханы берілді.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі