Наиб мүфти Алау Әділбаев Құспан молла мешітінде жамағатпен кездесті
islam-atyrau.kz/24 маусым, 2019 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары – наиб мүфти Алау Әділбаев Атырауға сапары аясында Атырау қалалық Құспан молла мешітінде жамағатпен жүздесті.
Құптан намазы алдында өткен кездесу кезінде ұстаз Алау Әділбаев жақсылық жасаудың маңызы туралы айтты.
«Жаратушы Иеміз «Ағраф» сүресінде былай дейді: «Сен кешірім жасаумен елемеуді дұрыс көр. Жақсылықты тала пет. Наданмен надан болма. Егер кез-келген сәтте түлен түртіп, жамандыққа құлқың тартса дереу Алла Тағалаға сыйын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дұғаны естіп қабыл етуші. Ол күмәнсіз бәрін білуші».
Әрине, мұндай игі қадам көбінесе ар- намысы асқақ, рухы зор, ұятты қалқан, сабырды серік еткен, иманы берік мүмін мұсылмандардың ғана қолынан келеді. Мұсылмандардың жақсылыққа әрдайым жақын тұратыны Ислам діні арқылы бойға дарыған. Себебі, Ислам жақсылықты, ізгілікті дәріптейтін дін» деді ұстаз Алау Әділбаев Құптан намазы алды уағыз кезінде.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.