Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Атырау мешітінде Арыс халқы, ел тыныштығы үшін дұға жасалды

islam-atyrau.kz/24 маусым, 2019 жыл.  Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға орай, бүгін Атыраудың бас мешітінде дұға жасалды. 

    Мүфтияттың шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоханов Жаратушыдан еліміздің амандығын, Арыс жұртшылығының саулығын сұрады. Бұл тілекке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары – наиб мүфти Алау Әділбаев , Діни істер жəне талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет жəне  Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров қосылды.

"Осындай күрделі шақтарда мұсылман қауым бірлесіп, дұға жасап, Алладан сұрауы керек. Еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы ең басты байлығымыз. Біз Арыс халқымен біргеміз және олардың қайғысына ортақпыз. Осындайда тұтас ел болып бірігіп, қиын жағдайда бауырларымызға жан-жақты қолдау білдіруіміз керек. Алла Тағала елімізді тыныштықта сақтағай" деді Бас имам Батыржан Мансұров. 

Еске сала кетелік, бүгін таң атысымен Арыс қаласындағы әскери полигонда снарядтар жарыла бастады. Қазіргі уақытта қалада төтенше жағдай жарияланып, арыстықтар дереу Шымкент қаласына эвакуацияланды. Оқиға орнына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, мемлекеттің халықты қиын жағдайда қалдырмайтынын айтты. 

 

 

Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі. 

Жоғарыға