Сұлтан Бейбарыс мешітінде отыздан астам әйел жамағаты сауат ашу курсын аяқтады
islam-atyrau.kz/5 тамыз, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде биыл әйел жамағат үшін алғаш рет жазғы сауат ашу курсы болып өтті.
Бір айға созылған жазғы сауат ашу курсында отыздан астам қатысушыға Нұр - Мүбәрак университетінің шәкірті Нұрай Аққалиева ұстаздық етті. Осылайша, шәкірттер қысқа мерзім ішінде "Құран", "Тәжуид", "Ақида", "Фиқһ" негіздері бойынша дәріс алды.
"Білімді адам – жарық шам секілді. Білімсіз надан – қараңғы түн сияқты. Ал, ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: "Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз", – делінсе, тағы бір хадисінде: "Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен", – деп насихат айтылған. Біз мешіт жамағатына ілім үйретуді негізгі бағытымыз ретінде ұстанып отырмыз" дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің бас имамы Ержан Қағазғалиев.
Орталық "Иманғали"мешітінің баспасөз-қызметі.