Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мақат ауданының бас имамы жаназа рәсімдерін біріздендіруді ұсынды

islam-atyrau.kz/26 қыркүйек, 2019 жыл.   Мақат кентінің әкімдігінде  Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықовтың жетекшілігімен ауданға қарасты имамдар, зиялы қауым өкілдері және өңір ақсақалдары дөңгелек үстел басында кездесті.

Кездесу кезінде Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітапты таныстырып,  қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі, ысыраптың алдын алу, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу мәселелерін қозғады.

«Асылында, жаназа намазы – пенденің дүниедегі және өзгелердегі соңғы ақысы. Марқұмның жаназасын шығару - мұсылмандар үшін парыз. Өліге құрмет көрсету, арулап аттандыру – шариғат талап еткен іс. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабынан үйренеріміз көп» дейді Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов.

Іс-шара кезінде Мақат аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сәбит Сүлейменұлы қоғамда орын  алып жатқан өзекті дүниелер туралы айтты. «Қазір еліміздің әр өңірінде жаназа мәселесін әркім өз бетінше түсініп, әрқалай орындап келеді. Бұл кітапта жаназа мәселесіне қатысты сауалдарға сұрақ таба аламыз. Алдағы уақытта кітапты басшылыққа алу арқылы, ақтық сапардағы жоралғылар мәселесін біріздендіруіміз тиіс» деді спикер.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері және өңір ақсақалдары ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында қатысушы меймандарға  «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын сыйға тартылды.

 

 

Жоғарыға