Жылыойда жамағат арасындағы білім сайысының екінші кезеңі өтті
islam-atyrau.kz/29 қыркүйек, 2019 жыл. Осыдан екі ай бұрын Жылыойда жамағаттың діни білімінің сапасын арттыру мақсатында "РАББЫМ БІЛІМІМДІ АРТТЫР" сайысы ұйымдастырылған болатын.
Нәтижесінде білім сайысының 1-ші кезеңінен іріктеліп шыққан 40 адам екінші кезеңге жолдама алған еді. Жуырда Жылыой ауданының орталық мешітінде аталған білім жарысының 2-ші кезеңі ұйымдастырылып, жамағаттың білім деңгейін тексеру мақсатында кезекті сынақ өтті.
"Сайысқа қатысушы жамағат "Фиқһ" (ғибадат), "Ақида" (сенім), "Сира" (Пайғамбар өмірбаяны) және "Сахабалар өмірбаяны" тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, "Құран" және "Тәжуид" ережелерінен сұрақтар қойылып, жиналған жамағатқа "Жаназа және жерлеу рәсімдері" кітабынан дәріс өткізіліп, кітап таратылды. Осы шарамыз алдағы уақытта жалғасын тауып, 3-ші кезең ақтық мәресінде ең мықты білімдіні бағалы сыйлықтармен марапаттайтын боламыз" дейді Жылыой орталық мешітінің ұстазы Думан Балықшиев.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.