«Мақат аудандық» орталық мешітінде айлық дастархан жасалды
islam-atyrau.kz/15 қазан, 2019 жыл. Мақат ауданы «Мақат аудандық» орталық мешітінде, аудан имамы Біләл Сағындықовтың ұйымдастыруымен мешіт жамағаттарына айлық уағыз дастарханы жайылды.
Іс-шараға «Жылыой аудандық» орталық мешітінің бас имамы Арман Исаев және «Жылыой аудандық» орталық мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов, ауданға қарасты имамдар, ақсақалдар және облысқа қарасты мешіттерден келген жамағаттар қатысты.
«Мақат аудандық» орталық мешітінің бас имамы Біләл Сағындықов осы көшпелі айлық уағыз дастарханы арқылы жамағат арасында ауызбірлік артып келе жатқанын айтты. Дастархан басында «Жылыой орталық» мешітінің бас имамы Арман Исаев мұсылмандарға тәлім тәрбиені және әдептілікті үйрететін «Хужурат» сүресінің аяттарын тәпсірлеп берді.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 6 аятында былай дейді: «Ей мүміндер! Сендерге пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» деген. Сондықтан, мұсылман адам сөздің байыбына барып, қандай да бір хабар келсе анықтап алған дұрыс екенін жамағатқа айтып сөзін аяқтады «Жылыой орталық» мешітінің бас имамы Арман Исаев.
Рухани кеште «Жылыой орталық» мешітінің ұстазы Дастан Сүлейменов «Дін үшін аянбай қызмет қылу», «Дін бауырларының сүйіспеншілігі» тақырыптарында уағыз айтты.
«Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жер бетіндегі күллі жаратылысқа жіберілген Пайғамбар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар бұрын (Мединеде) мекен деп, иманына берік болғандар (ансарлар) кейін оған көшіп келгендерді (мұсылмандарды) жақын көреді. Оларға берілген нәрселер үшін қызғанып өкпелемейді. Өздері мұқтаждық көрсе де, оларды өздерінен артық көреді. Кімдер сараңдықтан тартынса, солар мұратына жететіндер» деген ұстаз Дастан Сүлейменов жамағатты бір-біріне көмектесуге шақырды.
Мақат аудандық орталық мешітінің баспасөз – қызметі.