Бас имам Сұлтан Бейбарыс мешітінің жамағатымен кездесті
Қасиетті жұманың Құптан намазынан кейін жамағатпен жүздескен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өзінің өмір жолымен таныстырып, жамағатқа ауызбіршілік, білім алу, қоғамның тұрақтылығы, сананың рухани биіктігі хақында уағыз айтты.
Қасиетті Құранның Әли Имран сүресі, 103-аятында «Түп-түгел Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер» деген жолдар бар. Осы аятты ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұд р.а былай түсіндіреді: «Уа халайық, сендерге басшыға бой ұсыну және көпшілікпен болу міндетті. Расында бұл Алла Тағаладан әмір етілген Алланың жібі» дейді. Мінекей, күллі әлемнің сырын қамтыған, адам баласына ең үлкен жол нұсқаушы қылынған, ақ пен қараны айқын баян еткен қасиетті Құранда Алла Тағала біздер үшін бір болуды да әмір етті. Ал Құранда әмір етілгенінің өзі бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі Құдіретті Алла біздерді не нәрседен тыйса сонда қайыр бар, ал не нәрсеге бұйырса сол да біздер үшін ең дұрысы болмақ. Демек, мұсылмандар үшін бір болу Алладан келген әмір ғана емес, тағылымы мол іс екені шүбәсіз деді ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы кездесу барысында.
Орталық "Иманғали" мешітінің басапсөз - қызметі.