Жылыой ауданында кәсіпкерлер үшін халал стандарт тақырыбында дәріс өтті
іslam-atyrau.kz/13 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан ашылған «Халал стандарттау» бөлімінің ел өңірлері бойынша филиалдары ашылған болатын.
Қазіргі таңда шариғат тыйым салған тағамдардан арылып, халқымыздың адал асқа деген сұранысы артып келеді.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлының тапсырмасы бойынша Атырау облысы бойынша «Халал стандарттау» саласына жауапты, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы Эммат Ғұмаров Жылыой ауданына арнайы іс-сапармен келді.
Осы шара аясында халал сертификат алудың талаптарын, қажетті құжаттар тізімі, бақылау ережесі және тараптар жауапкершілігі туралы түсінік берілді.
«Мәселен, мал союдың өзіндік шариғи ережесі бар. Әрбір қасапшы осы талаптарға мұқият болуы керек. Бүгінгі таңда халал ет ең көп тұтынылатын өнімге айналып келеді. Өйткені, халық таза тағамның адам денсаулығана пайдалы екенін түсінді. Ғалымдардың өзі шариғат талабымен сойылған еттің адам ағзасына пайдасы көп екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан, мал сою ісіне асқан жауап кершілікпен қарау қажет»,-деді Эммат Ғұмаров.
Халал стандарт бөлімінің өкілі аталған бөлімнің тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары жөнінде мағлұмат берді. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берілді.
Жылыой аудандық мешітінің баспасөз - қызметі.