Ұстаз Мәди Ахмедов орталық "Иманғали" мешітінде жастар жамағатына уағыз айтты
іslam-atyrau.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі Мәди Ахмедовтің Атырау өңіріне жұмыс сапары орталық "Иманғали" мешітінде жалғасты.
Жергілікті жамағатпен жүздескен ұстаз Мәди Ахметов ата-ананың қадірі, ауызбіршілік, мұсылмандарға пайдалы болу тақырыптарында уағыз айтты. "Алла Тағала Құран Кәрімде: "Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: "Түһ" деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: "Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!",-де», - деп жазылған. Яғни, ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сондай-ақ, ата-ананы бұл дүниеде құрметтеп қана өткен соң да, оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек. Олар үшін Алла Тағаладан кешірім тілеп, артынан дұға жасап тұру перзенттік борышымыз" деп атап өтті өз сөзінде ұстаз Мәди Ахметов.
Жастар жамағатымен арада болған еркін форматтағы кездесу аясында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы ниеттің маңыздылығы туралы уағыз айтты.
"Алла разылығы үшін істелінген амалдар ғибадат болады. Ғұламаларымыздан сонау ықылым заманнан қалған сөз бар. Яғни, Алла үшін жасалған амалдар қабыл болады, Алла үшін болмағандар – һәуәс, яғни жаман қалаулар дегені.
Ниет – бәрінен де маңызды. Пайғамбарымыз алейһиссалам: "Барлық істің нәтижесі маңызды" және "Бүкіл амалдар ниетке байланысты болады" деп, ниет тазалығын кейінгі үмметіне аманат етіп қалдырды" деп атап өтті өз сөзінде ұстаз Алтынбек Ұтысханұлы.
Орталық "Иманғали" мешітінің баспасөз-қызметі.