Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Әз – Наурыз» нақыштары

Қазақ: «Тойдың болғанынан,боладысы қызық»,-деп жатады. Күндей жарқырап ұлттық Наурыз мерекесі де өте шықты.Халқымыз шаттанып, қала мен ауылдарда тиісті  мерекелік шараларға қатынасып «бір жасап» қалды. Ұлттың рухын көтеріп, биіктерге бастайтын «Ұлыстың Ұлы Күні» тұтас бір жұртты жадыратып тастады. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да барша Қазақ еліне мерекелік құттықтауын жолдап, Наурыздың нағыз халықтық мереке екенін баса айтып, бар ізгі тілектерін арнады.

 

Арайлы Атырау жұрты да әз-Наурызды ерекше қуанышпен қарсылап, қаланың қақ  ортасындағы «Исатай-Махамбет» алаңы мен орталық «Иманғали» мешітіне  жиналды.Әсем де кең киіз үйлер, әдемі ұлттық киінген ұл-қыздар,  ойындар мен   әуезді әуендер мереке көрігін қыздырған. Жергілікті мекеме ұжымдары халыққа тегін «Наурыз көже» таратып, ел-жұрт жаппай дәм татып, мәре-сәре болды.

Ұлан-асыр тойды Атырау қаласы,Алғабас ауылы, «Мәулімберген» мешіті де бас имам Мақсот Бағытжанов пен наиб имам І.Қабдырахманов және көмекші молда С.Бәйменовтардың бастамаларымен хал-қадірлерінше атап өтті. Мешітте жайылған дастарханға ҚМДБ-ның Атырау облысы  бойынша өкілі,облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы мен қаланың бас имамдары арнайы шақырылып, жиылған жамағаттарға әсерлі уағыз-насихаттарын айтты.

Сондай - ақ  «Мәулімберген» мешітінің бас имамы Мақсот Бағытжанов, көмекші молда Серік Бәйменов «Жер ғылыми өндіріс орталығы» Атырау облысы бойынша бөлімшесінің басшысы Қамбар Әндіржанұлы Теміровтің шақыруымен Әз - Наурыз мерекесіне жайылған дастарханға қатынасып,мекеме ұжымына уағыз-насихат айтып, мекеме басшысы Қамбар Әндіржанұлы діндарларға ризашылығын білдірді. Ұлы Жаратушы иеміз «Ұлыстың Ұлы Күнін» құтты қылып,береке-бірлігімізді арттырып, ел іргесін бүтін еткей. Әумин!

«Мәулімберген» мешітінің

 

баспасөз қызметі. 

Жоғарыға