Құлшылық еткен халықтың қарасы көп
Жобалай қарасақ, бұл түні жас-кәрісі бар жеті мың шамасында жиналған бұқара «Иманғали» орталық мешітінің іші мен сыртында Қадір түнін қарсы алды. Алдымен жамағат болып құптан және тарауих намаздары оқылды.
Мұсылман жұртшылығы қадірлі кешпен құттықтауға Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев арнайы келді. Қала әкімі қасиетті түнді қадірлеп келген ағайынды өз атынан құттықтап,мешіт жамағаттарының ынтымақ-бірлігін ұйытып отырған өкіл имамға рахметін білдірді.
Мұнан соң ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы өзі бастап және мешіттің діни қызметкерлері жалғап «Ораза айының абзалдығы және Қадір түнінің мән-маңызы» тақырыптарында уағыз-насихат өрбітті.
Мешітке келген бұқара халыққа діни тақырыптарда сұрақ-жауап ұйымдастырылып, ұтымды жауап берген кісілерге қадір түнінің құрметіне бағалы сыйлықтар табысталды.Сондай-ақ, нәпіл намаздар оқылып, құлшылыққа еркі уақыт берілді. Мешітке келген халыққа 2 000 орынға арналған дастархан жайылып, сәресі тамағы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Иманғали» орталық мешітінде өткен Қадір түні облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Атырау облыстық «Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі