Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚҰРБАН АЙТҚА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ (фото)

Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамы күн санап жақындап келеді. Құрбан айт мерекесін аса жоғары деңгейде атап өту әрбір мешіт ұжымы үшін үлкен сын екені белгілі. Бұл мәселе бүгін ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы  Берденұлының бастамасымен өткен қала имамдарының мереке алды дайындық жиынында пысықталды.

Әуелі әріптестерін келе жатқан Құрбан айт мерекемен құттықтаған өкіл имам Б.Берденұлы: «Ынтымақ пен бірлік, кешірім мерекесін ерекше көңіл-күйде қарсы алып және оны жақсылап өткізу – барлық мұсылман жамағатына ортақ міндет. Ал енді Аллаға жақындауды ниет етіп, Құрбан шалған, айт намазына қатысып, бір-біріне дұға, ізгі тілек тілескен ағайынның қуанышына имамдар болып, ортақтаса білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан мешітке қадам басып келген жамағаттың бауырмалдық сезімін арттырып, асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетін халыққа кеңінен насихаттайтын шаралар ұйымдастыруды да жақсылап ойластыруымыз керек», – деді.

Жиын барысында Б.Берденұлы қала мешіттерінде Құрбан айт мерекесінің ойдағыдай өтуіне бірден-бір жауапты имамдарға жеке-жеке тапсырма берді. Атап айтқанда, дайындық жұмыстары үш бағыт бойынша қамтылды. Өкіл имам Б.Берденұлы: «Біріншіден, мешіттердегі тазалық жұмыстарын жандандыру, сенбіліктер өткізу. Екіншіден, қайырымдылық бағытында жамағатқа құрбан етін тарату жұмыстарын жүйелі жүргізу. Үшіншіден, қазақтың ұлттық спорт ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырып, Құрбан айт мерекесінің қызықты өтуіне ат салысу қажет, – дей келе мерекенің өту бағдарламасын қала имамдарына бекітіп берді.

Сондай-ақ, жиын соңында мешіт жанындағы сауат ашу курсының жұмысын жетілдіріп, білім сапасын арттыру, тура жолдан адасып, жат ағым жетегінде кеткен қандас бауырларымызды дәстүрлі ислам дініне қайтару жұмыстары жөнінде де біраз мәселелер талқыға салынды.  

Атырау облыстық «Иманғали» орталық

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 




Жоғарыға