Қажыларға құрмет көрсетілді
Биыл қажылық сапарына ауданымыздан 16 адам аттанған-ды. Жақында олар өздерінің мұсылманшылық парызын абыроймен өткеріп, қажы атанып, туған жер топырағына табан тіреді. Олардың арасында қасиетті Қағбаға тәу ету үшін екінші мәрте аттанған 96 жастан асқан Абдолла Абдрахманов ақсақал мен аудандық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ерболат Төлендиев, сондай-ақ «Даден» ЖШС-нің директоры Сәлімжан Балжігітов сынды ауданға белгілі кәсіпкер азаматтар да бар. Оларды осы сапарға сәттілік тілеп шығарып салған Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Арман қажы Исаев қажылар елге аман-сау оралған соң асқан құрметпен қарсы алды. Сол ілтипаттың белгісіндей сейсенбідегі түс әлетінде ғибадат үйінде дастархан жайылып, қажылар бас қосқан берекелі кездесу болды.
Қажылыққа алғаш рет барып келген қажылар Аманқос Тұрланов, Әбілхасан Бейсенбаевтар, жастардан Кеңес Рейимов Мекке-Мәдина сапарынан алған әсерімен бөлісті. Ондағы қайнаған ыстыққа қарамастан миллиондаған мұсылмандардың бір-біріне деген шексіз бауырмалдығына тәнті болған жерлестеріміз Қазақстан тарапынан қажылық сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтті. «50 градус аптапта қара тастың үстінде тәу етіп жатқан жандарға қарағанда біздің жағдайымыз Аллаға шүкір!» - деді Абдолла ақсақал.
-«Әл-Харам» мешітіне адам сыймай, күннің астында намаз оқуға тура келді. Сонда бір индус қалтасынан «зонтик» шығарып, оны менің де маңдайыма тосты. Кісі тым көп болғандықтан екеуіміз бір жайнамаздың үстінде құлшылық қылдық. Ал, алдымда отырған бір түрік суымен бөлісіп жатыр. Осыдан-ақ барша мұсылманның бір үйдің баласындай туыс екендігін ұғынасың. Адамзатты бірлікке шақырған Алланың шексіз мейіріміне тәнті боласың, - дейді Аманқос қажы.
-Бас айналдырар аптапта адам мен автокөлік сығылысқан Меккенің тар көшесімен жүріп келемін. Артымнан бір көлік қайта-қайта «сигнал» береді қоймастан. Қасиетті жерде жүрген соң сабыр сақтап келе жатқам. Ақыры болмаған соң ауылдағыдай «жолбарыс» кейпіме еніп, жалт бұрылсам, бір араб ыдыс толы салқын су ұсынып тұр, - деді Мекке халқының риясыз көңіліне риза болған Әбілхасан қажы.
-Қағбаға тәу еткендегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Теледидардан, фотосуреттен гөрі қасиетті қара тасты көзбен көрген ғажап екен. Биылғы сапардың ерекшелігі – Алланың қалауымен Қағба ашылып, Шымкенттен барған бір қазақстандық бауырымыз ішіне кіріп, намаз оқып шықты. Бұл – кез келген жанның маңдайына жазыла бермейтін құбылыс. Ілуде бір-ақ рет кездеседі, - деді Кеңес қажы.
Қажылық сапардың өзге де ғұмырлық ғибратты сәттерімен бөліскен қажылардың басқосуын аудандағы қажылар қауымдастығының төрағасы Жолдығали қажы Тұрмағамбетов ақсақал қорытындылады. Ол «қажы» деген атқа лайықты болу үшін ең басты үш нәрсені қатаң ұстану керектігін ескертті. «Қажының аузындағы сөзді періште бағып тұрады» дегендей, қажы, ең алдымен, көпшілік ортада өзін салиқалы ұстап, ғибратты әңгіме айта білуі тиіс. Таһаратсыз жүрмейтіндігі өз алдына, қажыларды ауданда өтіп жататын түрлі қайырымдылық шаралардан тыс қалмауға шақырды. «Мешіт салған, шөлге су шығарған және өзеннен көпір жүргізген жанның орны – жаннат» деген Алланың сөзінен мысал келтірген Жолдығали ақсақал бұл ретте орталық мешітті кеңейтуге көп күш жұмсаған Сәлімжан қажы Балжігітовтің ісін өнеге етті.
Соңынан қажылар ескерткіш ретінде фотосуретке түсті.
Ербол Қошақанов
