Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қала руханиятының өркендеуіне үлес қосқан имамдар марапатталды

Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, облыстық «Төртінші билік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Атырау" қонақүйінде "Рухани келісім – бейбітшілік тірегі" атты мерекелік кездесу өтті.

Түрлі этнос өкілдері мен шіркеу қызметкері қатысқан жиында ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Рухани келісім күнімен құттықтады. Сондай-ақ, сәлемінің өзі амандықтан басталатын Ислам дінінің ешқандай дін мен ұлтқа, ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін бейбітшілік діні екенін айта келе, «дін өкілдеріне құрметпен қарау ниеті – үмметіне кішілікті, бауырмалдықты өсиет еткен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай амал, түп-тегіміздің Адам-Атамыздан бастау алатынын ескерткен Алла тағаланың әмірі», - деді.  

Шараның марапаттау рәсімінде Атырау қаласының рухани өркендеуіне үлес қосқаны үшін "Әт-Тақуа" мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлы және "Құспан молда" мешітінің бас имамы Эммат Сұлтанғалиұлы Атырау қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Марапатты қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова табыстап, имамдарға жылы лебізін білдірді.

Шараның соңы мерекелік қойылымға ұласып, №18 «Балдырған» бала бақшасының бүлдіршіндері ән шырқап, би билеп, көрермендерін тәнті етті.

                                                                                  

«Иманғали» орталық мешітінің

 

баспасөз қызметі

Жоғарыға