Бас имам той салтанатында жас жұбайлардың некесін қиды (фото)
Еліміз дербес мемлекет атанып, байырғы ұлттық, мұсылмандық салт-санасын жаңғыртқалы бері мешіттерімізде Алланың атымен неке қию дәстүрі қайта жандана бастады. Ақиқатында, үйленіп, ұрпақ көбейту – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті болса, осындай екі жастың жұбайлық сапар алдындағы ең алғашқы қадамы адал неке арқылы жүзеге аспақ. Бұл – қасиетті Құранда ардақталған, Алла тағала құзырындағы сүйікті іс.
Бүгінгі таңда тойларымыздың арақ-шарапсыз адалынан өтіп, тіптен неке қию рәсімінің де салтанатты сарайларда жүзеге асырыла бастағаны көңіл қуантады. Осы орайда ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы «Гранд Амир» мейрамханасында Дәурен мен Эльвира атты екі жас жұбайдың некесін қиып, ақ батасын берді.
Бас имам ізгі тілек үстінде адал некенің қадір-қасиеті туралы өнегелі сөз айтып, пайғамғар (с.ғ.с.) сүннетіне сай ұрпақ өрбіту, үбірлі-шүбірлі болудың артықшылықтарына тоқталды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деген халық қағидасын хақ жолмен шаңырақ көтеру, бала бесігін Алланың атымен әлдилете тербету деп түсінсек, мәңгілік елдігімізге зор үлес қосқанымыз сол болмақ. Аталған той салтанатында дін мен дәстүріміздің бағалы құндылық екенін дәріптеу мақсатында қиылған қос жұптың мұсылмандық некесі осылайша көпке өнеге көрсетті.
«Иманғали» орталық
мешітінің баспасөз қызметі