Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Намазды жамағатпен оқудың артықшылығы

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

Қоғамдық тәрбие Ислам дінінің ең маңызды тіректерінің бірі. Кез келген мұсылманның ең алғашқы қоғамдық тәрбиесі жамағатпен бірге намаз оқумен басталады. Таухид негізіне құрылған Ислам әлеуметінің бірлігі мен ынтымағын жарастырып, нығайтатын ең ықпалды фактор, яғни салих амал – жамағатпен намаз оқу. Демек, қай жерде жамағат болып намаз оқылып жатса, сол жерде Исламның рухани және әлеуметтік құрылымы бой көтере бастады деген сөз.

        Ислам діні мүминдерге бір жамағат болып өмір сүруді, кез келген мәселеде бір-бірлерін сүйемелдеп, жәрдемдесуді, сондай-ақ бірліктері мен ынтымақтары жарасқан күйде Алла жолында күш жұмсауларын әмір етеді. Алла Тағала құран кәрімде былай дейді: «Аллаһ өз жолында мықты қалаған қорған сияқты сап түзеп күрескендерді жақсы көреді» (Саф, 4).

Алланың елшісі (с.ғ.с) хадистерінде былай дейді: «(Әрдайым бірлігі ынтымағы жарасқан) бір жамағат болып жүрулеріңді және бөлінушілікке түсіп, ыдырап кетуден аулақ болуларыңды қалаймын. Себебі, шайтан жалғыз жүретіндермен бірге болады. Екі кісілік болса да, жамағат болғандардан ол ұзақ жүреді. Жәннәттің ортасында болғысы келетін кісі жамағаттан қалмасын...» (Тирмизи, Фитән 7/2165.            Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә  сәлләм) Құба мен Мәдина Мұнаууараға барғанында атқарған ең бірінші ісі – мешіт салдыру болған. Өзі де сол мешіттің құрылысында қызмет ете отырып, Ислам жамағатының негізін қалаған.

          Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осы бір сүннетін ұстанған бабаларымыз қандай да бір қала тұрғызудан алдын орталыққа мешіт салып, содан кейін күннен тараған сәуле тәрізді мешіттің айналасына қала тұрғызған. Сол себептен, намазды жамағатпен оқу Исламның мақсат-мұратына ең лайықты әрекет әрі бұл Ұлы Жаратушымыздың әмірі.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Мұсылман кісі намаз оқу, зікір қылу ниетімен мешітке көбірек келетін болса, Алла Тағала оның бұл әрекетіне бір отбасының өзге жұртта жүрген жақын туысының келгеніне қуанғандай қуанып, дән риза болады» (Ибн Мәжә, Мәсәжид 19).

Ал басқ бір хадистерінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтады: «Сендерге Алла Тағаланың күнәларды немен өшіріп, дәрежелерді немен көтеретінін айтайын ба? Суық күнде дәрет алып, ұзақ жерлерден жамағатқа келу және намазды оқығаннан кейін келесі уақыттың кіруін күту. Міне, нағыз бауыр басу деген осы! Міне, нағыз бауыр басу деген осы!Міне, нағыз бауыр басу деген осы!» (Муатта, Қасрус-Салат 55).    Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә  сәлләм) жамағаттан қалмау мәселесінде еріншектік, немқұрайлылық танытқандарға ақталатын мүмкіншілік бермеген. Осыған байланысты бір хадисінде: «Кімде-кім азаншыны ести тұра ешқандай үзірі болмасада (себепсіз) жамағатқа бармаса, оның жалғыз боп оқыған намазы (кәміл дәрежеде оқылған намаз ретінде) қабыл болмайды» деп бұйырған. Сонда сахабаның бірі:

-         Уа, Алланың Елшісі! Үзір деген не?-деп  сұрады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә  сәлләм):

-         Қауіп-қатер немесе сырқаттану, - деді (Әбу Дәуіт, Салат 46/551).

         Жамағатты тәрк ету Ислам қоғамының ыдырауына әкеп соғады. Сондықтан да, Ұлы Жаратушымыз жамағаттың ыдырап, бөлінуіне себеп болған адамдарға былай деп сөгіс айтқан: «Діндерін бөлшек-бөлшек етіп, топтарға бөлгендер бар емес пе?! Сенің олармен ешқандай байланысың жоқ...» (Әнғам сүресі, 159-аят).   Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә  сәлләм) жамағатқа келмейтіндерге түрлі ескертулер жасайтын. Убәй ибн Кағыб (радиаллаһу анһу) былай дейді: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә  сәлләм) бізге имам болып таң намазын оқытты. Кейін:

-         Пәленше намазға келді ме? – деп сұрады. Сахабалар:

-         Келмеді,-деп жауап берді.

-         Пәленше келді ме?- деп сұрады. Сахабалар:

-         Келмеді,- деп жауап берді. Сосын:

-         Дәл осы екі намаз (құптан мен таң)- мұнафықтар (екі жүзді)үшін ең ауыр келетін тамаз.Егер осы намаздарды қандай сауап бар екенін білсеңдер, тізелеріңмен еңбектеп болса да жамағатқа келетін едіңдер. Бірінші қатар періштелердің қатарындай. Ол жерде тұрудың сауабы қандай екенін білетін болсаңдар, бір-бірлеріңмен жарысқа түсер едіңдер. Бір кісінің келесі бір кісімен бірге оқыған намазы жалғыз оқыған намазынан әлде қайда берекелі әрі сауабы да мол болады. Оның екі кісімен оқыған намазы бір кісімен оқыған намазынан әлде қайда берекелі әрі артық болады. Бірге оқығандардың сандары қаншалықты көп болса, Алла Тағала да бұған соншалықты разы болды»-деп бұйырды (Әбу Дәуіт,Солат 47/554; Нәсай, Имамат 45).

       Байқап отырғанымыздай, намазды жамағатпен бірге оқудың көптеген пайдалары бар. Міне, сондықтан да Алла Тағала мен Оның Сүйікті елшісі мүминдердің әрдайым мешітке барып, жамағатқа қатысуларын қайта-қайта ескертіп отырған.

 

Есқайыров Асыланбек,

 

Тұрғызба ауыл мешітінің имамы 

Жоғарыға