Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Исламдағы бала тәрбиесінің маңызы

Бұл жалған дүниеде ата-ананың бақыты, қуанышы сәби. Сондықтан әрбір ата-ана Аллаһ Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді, қашан да оған мұқтаж болады.Асылында, бала тәрбиесі ықылым заманнан бері күнтәртібіндегі маңыздылығын жоймаған, тіпті елдің өзіндік тектілігін айқындайтын өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Өйткені, бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Келешегін ойлайтын саналы ел ертеңгі күнін бүгіннен жоспарлап, бүгіннен ойластырары хақ. Сондықтан болса керек, халқымыз бала тәрбиесіне ешуақытта бей-жай қарамаған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Баланы жастан...», «Қызға қырық үйден тыйым», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер текке айтылмаса керек. Дана халқымыз осы тәріздес мән-мағынасы терең нақыл сөздер арқылы өскелең ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіре отырып, оның тәрбиесіне де баса назар аударып, көңіл бөлген.

Қайырлы ұрпақ өсіру – отбасылық өмірдің негізгі мақсаттарының бірі болуымен қатар, Алла Тағаланың құзырында сауабы мол амалдардың қатарынан болмақ. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) риуаят етілген мына бір хадисте бала тәрбиесінің исламдағы мән-маңызы анық көрсетілген: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса Аллаһ Тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп).

Сондай-ақ, текті ұрпақ тәрбиелеп өсіру – адами болмысымыз талап ететін ұлы борыш. Әкеден балаға қалатын ең асыл дүние ол – жақсы тәрбие. Бұл туралы хадисте былай деп айтылған: «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» (Тирмизи, Бирр).

Балалар туылған кезде кіршіксіз, пәк, ислам болмысы бойынша туылады. Кейін олар ата-анаға аманат етіледі. Ата-ана бұл аманатты көздерінің қарашығындай қорғап, сақтаулары тиіс. Бала тәрбиесінде сондай-ақ, келешекте оның қай бағытты таңдайтындығында ата-ананың алар рөлінің өте маңызды екендігі мына хадисте ашық түрде баяндалған: «Туылған әрбір сәби ислам бойынша дүниеге келеді. Кейін ата-анасы өз діндеріне қарай оны яһуди, христиан немесе мәжуси қылады».

Ата-ана балалардың болмысы бұзылмауы үшін оларға жастайынан ақиқатты үйретіп, дұрыс жолмен тәрбиелеу керек. Олай болмаған жағдайда, Аллаһтың алдында жауапқа тартылады. Бұл турасында пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисінде айтылған: «Барлықтарың шопансыңдар және әркім бағып жүрген малына жауапты. Патша да бір шопан және ол қол астындағыларға жауапты. Ер кісі де бір шопан, ол отбасы мүшелеріне жауапты. Әйел кісі де күйеуінің үйінің шопаны және ол да өз ісіне жауапты... Қысқасы, барлықтарың шопансыңдар және әркім өз міндетіне жауапты»(Бұхари, Мүслим).

 Жаратушы иемізҚұран Кәрімде «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болатын тозақ отынан сақтаңдар!»(Тахрим сүресі 6-аят) деп бұйырған. Бұл жерде біз ата-анаға, әсіресе әкеге бала тәрбиелеуде үлкен міндет пен үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін аңғарамыз. Тіпті, хадисте әкенің жауапты болатыны өте анық түрде айтылып өткен.

Өмірлік серік ретінде салиқалы жұбай таңдау бала тәрбиесі үшін басталатын алғашқы қадам болып саналады. Хадисте: «Діндарлығы мен мінез-құлқы көңілдеріңнен шығатын жан жолықтырсаңдар, қыздарыңды тұрмысқа беріңдер. Олай істемеген жағдайда, жер бетіне бүлік, бұзықшылық жайылады»делінген. Омардан әкенің баласы алдындағы міндеттері қандай деп сұрағанда: «Оған жақсы ана таңдау, жақсы ат қою және Құран үйрету» деп жауап берген. Сондықтан, Аллаһ Тағалаға «Бізге салиқалы ұл мен қыз нәсіп еткейсің!» деп дұға қылғанымыз жөн.

Ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді түсіндіріп, әрбір іс-әрекетін сол бойынша орындауға дағдыландыру керек. Балаға ең алдымен Аллаһтың бір, Оның еш теңдесі жоқ екендігін, Оның барлық нәрсені жаратушы, бақылаушы екендігін, қияметте барлық жан Оның алдына жиналып, істеген амалдарынан сұралатындығын, жақсы амалдары үшін сый алатындығын, ал жаман әрекеттері үшін жазаға тартылатындығын, қысқасы дұрыс ақиданы (сенім) түсінікті тілмен үйретуі керек. Баланы жеті жасқа келгенде намазға баулып, Аллаһтың алдындағы міндеттерін, яғни мұсылмандық парыздарын үйренуге тәрбиелеген жөн. Өйткені, Құран Кәрімде: «Үй ішіңе намаз оқуды әмір ет, өзің де сабыр қылып үнемі орында» (Таха сүресі 132-аят) деп бұйырылған.

Бүгінде кейбір ата-аналардың баласына бір тілім нан тауып беру үшін күн-көрістің қамымен үй бетін көрмей, тырбанып тіршілік етіп жүргені ащы болса да шындық. Осылайша, отбасының материалдық әл-ауқатын жақсартамын деп жүргенде бала тәрбиесі деген ұғым тіпті шет қалып жатады. Балаға рухани тәрбие берудің маңызды екендігін де естен шығарып жататын жайымыз тағы бар. Алайда, балалардың болашақта тікен немесе гүл болып өсуі, тәтті немесе ащы жеміс беруі себілген дәнге, яғни оған берілген тәрбиеге байланысты екендігін әсте ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, шалағай берілген тәрбиенің соңы ата-ананың өзін де, ұрпағын да өкінішке, бақытсыздыққа душар етуі әбден мүмкін.

Қорыта келе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай «көңіл жайдары» әрі ата-анаға берілген сый болып табылатын балалардың аманат екендігін естен шығармау керек. Сондықтан, балалардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, рухани қажеттіліктерінің де өтелуіне баса назар аударуымыз тиіс. Ата-ана Аллаһтың өздеріне нәсіп еткен мұндай нығметті зая етпестен, оларды Жаратушының разылығына лайық дәрежеде тәрбиелеп өсірулері тиіс. Олай болмаған жағдайда, Аллаһтың алдында мұның жауабын беру өте қиынға соғады.Алайда, балаларымызды тәрбиелемес бұрын ата-ана мына ережені жақсы білуі керек: «Егер баламыздың кемшіліксіз болғанын қаласақ, өзіміз кемшіліксіз ата-ана болуымыз шарт».

Жаратушы иеміз баршамызға жәннат бағының гүліндей жайқалған көркем ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп еткей!

 

Ясин Серік,

Жылыой орталық мешітінің

 

наиб имамы 

Жоғарыға