Исламдағы сауда-саттық жасаудың әдебі
Адамзат баласы жарық дүниеге келгеннен бастап напақасын іздеу қамына кіріседі. Әрине, напақа табудың жолдары әр түрлі. Әйтсе де сол напақа табудың бір жолы – сауда. Сауда кез-келген қоғамда үлкен рөл атқарады. Мәселен, қай дәуірде болмасын қоғамдағы адамдар одан еш уақытта қол үзіп қалған емес. Бұған байланысты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Пайда табудың оннан бірі – саудада» дейді. Міне, осы пайда табудың оң көзі болған сауда-саттық мәселесі қандай жолдардан тұрады, басты мақсаты қандай және қандай ереже-қағидалармен құрылған. Құран Кәрімде сауда жайында кездесетін қағидалардың сыры бірде ашып айтылса, кейде жасырын түрде айтылады. Яғни Құран Кәрімде сауданың үш түрі қарастырылған:
1. Сауда-саттық: барлық пайда көздерінен түскен табыс.
2. Саудаласу: екі адам арасындағы тауар айналымы.
3. Сатып алу: Аллаһтың мұсылмандардың жандарын және малдарын жәннат арқылы сатып алғандығы.
Бұл Құран Кәрімде айтылған сауда қағидаларының түсініксіз жерлерін ғұламалар Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың хадистерімен толықтырып отырған. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей кейбір аяттардың сыры бірден ашық айтылмаған. Сондықтан мұндай мәселелер тек Пайғамбарымызға аян болған.
Жалпы айтқанда сауданың ең үлкен бөлігі бұл – пайыз, өсім. Өсім пайда табудың ең оңай жолы әрі көп пайда табуға жеңіл. Бұрынғы арабтар бұл өсімді сауданың бір бөлігі деп қарастырған. Алайда мұны Аллаһ Тағала мұсылмандарға қасиетті кітабы Құран Кәрім арқылы харам еткен (тыйым салған). Ал, өсімнің қандай болатынын және қандай тауардан қанша мөлшер алғанда өсімнің көрінетінін ғұламалар есептеп шығарып отырған. Негізінен өсімнің харам болуының басты бір себебі – адамдардың ақшасын яки затын хақсыз, яғни орынсыз алуынан туындайды. Құран Кәрім, саудада ихсан болуды қалайды. Толығырақ айтқанда сауда жасағанда бір-бірін алдамай, өзін ылғи да бақылап тұратын Аллаһ Тағаладан қорыққан күйде айлакерлік жасамай сауда жасау деген сөз. Пайғамбарымыздың хадисінде де: «Таразыдан жеген бізден емес» - делінген. Яғни «мұсылманмын» деген кісінің таразыдан ұрлап жемейтінін, саудада алдамайтындығын айтып отыр.
Ислам діні адамзатқа бұл дүниеде де, ақыретте де не істеу керектігін толық қамтыған. Соның бірі – тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған сауда-саттық мәселесі. Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Өзара мал-мүліктеріңді жауыздықпен алмаңдар. Сондай-ақ күнә боларын біле тұрып, басқалардың мал-мүліктерін алу үшін әкімдерге пара бермеңдер» (Бақара сүресі 188-аят) - дейді.
Жоғарыда айтылған аяттағы «...өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер» деген ескерту көптеген мәселеге, соның ішінде ахлаққа да қатысы бар. Яғни, сауданы екі жақтың ризашылығына сай істеуге және қоғамның құлдырауына апаратын оңай жолдарынан сақтануға шақырады. Бүгінгі біздің саудамыздағы кемшілік тұсымыз да осы болса керек. «Бір түйір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, харамның бір түйір дәні адам ішіне түсер болса, барша жаман қасиеттердің бүршік атуына себепші болады. Мысалы, өсімқорлық, құмар ойнау, ұрлық, пара алу, көзбояушылық секілді харам жолмен мал табу адамгершілік қасиетті жоятын нәрселер. Сондықтан, мұндай жолмен мал табуға тыйым салынған. Ал адал жолмен нәпақа табу, ол үшін еңбектену – парыз.
1. Ислами тұрғыда сауданың ахлақи үкімдерінің бастысы мыналар:
1) Исламда сауданың негізі – туралық пен қайырымдылықтан тұрады. Сатушы мен тұтынушының өзара ризашылығы, ынсаппен баға қою, харам мен халалға мән беру секілді шарттарды орындау мен өсім, таразыға кем тарту, нақақ пайдаға бармау, айлакерлік, жалған ант беру сияқты харам нәрселерден аулақ болу мұсылман саудагердің міндеті. Осындай бағытты ұстанған адам Аллаһ Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленеді.
Бір күні таңертең Пайғамбарымыз сахабаларымен бірге отырғанда тепсе темір үзетін жас жігіт жандарынан өтеді. Сол кезде сахабалар: «Әттең, мына жас жігіт күш-қуатын, жастық шағын Аллаһтың жолына жұмсаса ғой» - дейді. Пайғамбарымыз бұл сөзді есітіп: «Олай демеңдер! Егер ол шиттей бала-шағасының нәпақасын адал жолмен табу үшін жолға шыққан болса, онда Аллаһтың жолында болғаны. Егер (бір нәрсені) көру үшін жолға шықса, онда шайтанның жолында болғаны», - деген екен.
2) Исламға жат қайшы әрекеттерден, Оның тыйым салған істерімен айналыспау. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өсімқорлық пен ішкілікке тыйым салынғаннан кейін: «Осыларды (өсімқорлық пен ішімдікті) тасыған, сол жолда қызмет еткен, (осы саудаға байланысты келісім шарттарды) соны жазып, оған куәгер болған адамдар қарғысқа ұшырайды» - деген.
3) Еселеп табыс табу үшін бағаның көтерілуін күтіп, егер халық оған мұқтаж болса, мал-мүлікті сатпай сақтап отыру ол да – харам. Бұл – адамзатқа үлкен зұлымдық істегенмен пара-пар. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бір азық-түлікті (бағаның өсуін күтіп) саудаға салмай қырық күннен көп сақтаған адам Аллаһтан алыстайды және Аллаһ Тағала да одан ұзақтайды» - деп айтқан.
4) Алғанда артығымен алып, сатарда таразыдан жеу – ұрлық. Мұндай кісілер арзымас пайда табамын деп үлкен пәлекетке ұшырайды. Бұл жайында Құран Кәрімде былай баяндалады: «Өлшеп-тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да, қашан олар өлшеп немесе тартып беретін болса кемітеді. Олар қайта тірілетіндерін ойламай ма?». (Мұтаффифин сүресі 1-4 аяттар)
5) Сатылатын мал-мүліктің көрінетін не көрінбейтін барлық ақауын айту керек. Әйтпесе, олай жасалған сауда харам іске жатады. Өзіне қаламаған жаман істі өзгеге де қаламаған жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұндай алдап сатушыларды «бізден емес» деп ескерткен.
6) Мұсылман кісінің дүниедегі сауда-саттығы ақыреттегі есеп-қисабын ұмыттырмағаны жөн. Сауда-саттықпен айналысқан әрбір мұсылман «Ақырет байлығы бұл дүние байлығынан мың есе артық» екенін естен шығармағаны абзал. Бұл дүние табысы өмірінің соңына дейін ғана жетеді. Ал, ақырет табысы мәңгілік өмірінің байлығы болып қала бермек. Бұл жайында Құран Кәрімде Аллаһ Тағала былай дейді: «Өздерін сауда-саттық Аллаһтың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады. Сондықтан Аллаһ Тағала оларға істегендерінің ең көркем сыйлығын, тіпті өз қасынан артығымен береді. Аллаһ Тағала қалаған құлын есепсіз несібеге бөлейді». (Нұр сүресі 37-38 аяттар)
2. Ислам дініндегі сауданың орны
Ислам дінінде сауда-саттыққа рұқсат етілген. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Ей, иман келтіргендер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа». Ал басқа бір аятта: «Ей, мүминдер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Аллаһты еске алуға (намазға) асығыңыздар да, сауданы қойыңдар. Егер білген болсаңдар сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Аллаһтың мархаметінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ Аллаһты көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыласыңдар». (Жұма сүресі 9-10 аяттар)
Сауда-саттықпен айналысатын әрбір мұсылман сауда-саттықтың ғылымын үйренуі тиіс. Бұл ілімді үйренгеннен кейін әлбетте ол келте (жаңылыс) саудадан қорғанады. Сондықтан аз да болса, сауда ілімін үйренген абзал. Сонда ғана саудада кездесетін мәселелердің үкімін, жөн-жобасын дұрыс шешетін болады. Кейбір деректерге қарағанда хазіреті Омар (р.а.) базарға келіп: «Сауда ілімін білмейтіндер базарымызда сауда-саттық жасамасын. Өйткені, ондай адамдар қаласын, қаламасын аз да болса өсім жейді», - деп ескерткен екен (Өмер Насухи Билмен «Büyük İslam ilmihalı», 169-бет, Станбул 1992.)
3. Құран Кәрімде сауданың орны
«Сауда-саттық» сөзі араб тілінде «тижәра» деп аталады. Бұл Құран Кәрімде бірнеше жерде айтылады.
«Олар қисық жолды туралықпен айырбастап алды. Сонда оларға саудалары пайда бермеді. Һәм олар тура жолды таппады». (Бақара сүресі 16-аят) «Әй мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа. Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Аллаһ сендерге ерекше мейірімді». (Ниса сүресі 29-аят)
Сондай-ақ екі адам арасындағы сауданы «саудаласу» деп атаймыз. Мұны араб тілінде «бәйғун» деп атайды. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Сендерге берген несібемізден саудаласу, достық, болысушылық болмайтын бір күннің келуінен бұрын Аллаһ жолында жұмсаңдар. Ал қарсы болушылар, олар залымдар» (Бақара, 254). Ал, енді сатып алу сөзінің мағынасы араб тілінде «иштәра» деген мағынада келеді. Құран Кәрімде былайша қолданылады: «Олар Аллаһтың аяттарын аз бағаға сатып, Оның жолынан тосты. Олардың істеген істері нендей жаман» (Тәубе, 9). Осы сияқты мағлұматтар Құран Кәрім аяттарында көптеп кездеседі. Яғни Құран Кәрім күллі адамзаттың есіне дүниелік һәм ақыреттік нәрселерді салып отыратын, тозақтың азабы мен жәннаттың нығметін де еске түсіретін, әрі адамзатқа тура жолды нұсқайтын кітап. Сондықтан қай уақытта болмасын әрбір маңызды мәселелерді, әсіресе соның ішінде күнделікті кездесетін сауда-саттық экономика тұрғысын да назардан тыс қалдырмаған. Бұған байланысты үкімдерді жан-жақты толық қамтыған. Мұны жоғарыда айтып өттік. Бір сөзбен айтқанда осы сауда-саттық мәселесін шариғаттың заңдарына сай, ұқыптылықпен іске асырсақ екен!
Ажок Сарсекеев,
«Нұрқас-Сатыбалды» мешітінің
имамы