Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ақыретке дайындық – мұсылмандық парыз

    Мұсылман қорқыныш пен үміт арасында өмір сүруі керек. Ақыретте оны не нәрсе күтіп тұр екен? Жасаған құлшылықтары қабыл болып па? Бұл дүниеден иманды болып өтер ме екен? Қабір сұрақтарына дұрыс жауап бере алады ма екен? Қисабын жүзі ақ болып өтеп, таразысы ауыр басып және қыл көпірден аман-есен өтіп, жәннатқа кіре алады ма екен? Осы сұрақтардың барлығы ақырет қорқынышынан туындайды әрі бұл иманмен тығыз байланысты. Иманы әлсіздер үшін бұл сұрақтар оншалықты маңызды емес.  Олардың пікірінше «барлық жағдайда да Аллаһ Тағала кешірімді. Сол себепті қорқатын түкте жоқ». Алайда, Алла Тағала құран былай дейді:  «Ей адамдар! Раббыларыңа қарсы келуден сақ болыңдар. Әкенің баласы үшін, баласының да әкесі үшін ешнәрсе жасай алмайтын күннен қорқындар. Аллаһтың уәдесі-күмәнсіз ақиқат. Дүние өмірі сендерді алдамасын. Шайтан сендерді Аллаһтың кешіріміне сендіріп, алдап жүрмесін» (Лұқман сүресі, 33-аят).

   Алғашқы сегіз мұсылманның бірі болу бақытына кенелген, көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген Абдуррахман ибн Ауф (Аллаһ одан разы болсын). Пайғамбарымыз ( с.а.с ) мен бірге барлық соғыстарға қатысқан. Ол жәһилия әрі ислам дәуірінде саудамен айналысып, мол байлыққа ие болды. Дүниесін Аллаһ жолында жұмсаудан еш тартынбады. Бір жолы ол бес жүз түйелік бір керуенді мемлекет қазынасына тарту еткен. Сондай-ақ, отыз құлды азаттығына қауыштырып, жомарттығын паш етті. Өз замандастары мен кейінгі мұсылмандар арасында оның абзалдығын  білмейтін жан жоқ. Жәннәтпен сүйіншіленгеніне қарамастан ол, әр уақыт ақирет қорқынышын сезініп жүрген. Баласы Ибраһимнің айтуына қарағанда оразаның бір күнінде ауызашарда Абдуррахман ибн Ауфтың алдына үлкен бір дастархан жайылған екен. Дастархан үстіндегі түрлі дәмді тағамдарға қарап ол былай депті:  «Мусьаб ибн Умейр Ұхыд соғысында шаһид болды. Ол менен артық еді. Бірақ үстінде кебін ретінде киімнің бір бөлігінен басқа ешнәрсе жоқ еді. Басын жапса аяғына жетпеді, аяғын жапса басына жетпеді. Сол соғыста Хамза да шаһид болды. Ол да менен артық еді. Кейін келе дүние атаулы барлық нәрсе алдымызға жайылды. Бізге осыншама нығмет беріліп жатыр. Жасаған жақсылықтарымыздың қайтарымы осы дүниеде өтеліп қойып жүрмесін!» Абдуррахман ибн Ауф сөзін аяқтар аяқтамас көзіне жас алды. Ешнәрсе жеместен орнынан тұрып кетті (Бұхари, Жанайз 27).

  Бұл оқиға бізге сахабалардың алғашқыларының бірі болған ұлы тұлғаның  ақыретке деген қорқынышын көрсетеді. Соншалықты жасаған еңбегіне және Аллаһтың елшісінің таңдаулы достарының бірі болып, көзі тірісінде жәннәтпен сүйіншіленгеніне қарамастан ақыретте жәннәтқа баратынына сенімді болмаған, берілген нығметтердің өзінде «ақыретім не болады екен?» деп алаңдаған.  Бір күні Хасан Басри уайымға салынып, қатты күрсінген екен. Бұның себебін сұрағандарға; «Күнәләрімді білемін, бірақ тәубелерім қабыл болып, болмағанын білмеймін» деген екен.

 Күмәнсіз Аллаһ Тағала - мейірімділердің мейірімдісі, архамур-рахимин. Күнәләрді кешіруші. Бір хадисте оның мейірімі ашуынан да басым екендігі айтылған (Бұхари, Таухид, 15; Муслим, Тәубе, 14). Бірақ бұл жағдай Аллаһтың алдындағы міндеттерімізді орындауымызға кедергі болмай, босансып кетуге итермелемеуі керек. Өйткені бір хадис шарифте Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Егер сендер мен білетін нәрселерді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер.» (Бұхари, Тәпсір, 5/12; Муслим, Фадайл, 134). Бұл хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик былай дейді; «Аллаһтың елшісінің сахабаларының бастарына бұдан ауыр күн тумаған еді. Киімдерін бүркеніп, дауыстап жылай бастады» деді.

  Сахабалар қайда, біз қайда?! Қазір барлық нәрсені таразылайтын уақыт. Қаншалықты ақырет қорқынышын сезінеміз. Біздің мұсылманшылығымыз ақырет қорқынышын сезінетін адамның рухына еш ұқсамайды. Теледидардан көретін сериялдар, кинолар, футбол және шоу бағдарламалары ақыреттен үрейленетін адамның әрекеттері ме? Әйелдеріміз бен қыз-келіншектеріміз ақырет қорқынышын қаншалықты сезінеді екен? Жеті жаста намазға жығу бұйырылғанымен жасы жиырмаға келсе де ғибадатқа салғырт қарайтын жастарымыздың жүрісі анау. Мына біз «Ей, Али! Бірден артық қарама» деп, харамға қарамауды қатаң ескерткен Пайғамбардың (с.а.у.) бұл әмірін қаншалықты орындай аламыз? Өмірімізді Оның өміріне қаншалықты дәрежеде ұқсата аламыз? Сол илаһи дауысқа қаншалықты құлақ түріп, бет бұра аламыз? Әлде біз еш өлмейміз бе? Ақыретте есеп бермейміз бе? Әлде жәннәтпен сүйіншіленген бе едік? Байқайық, өзімізді өзіміз алдап жүрмейік!  Ақтық дем – бусыз таза айна іспетті. Адам баласы өз-өзін соңғы демін алып жатқанда толық танитын болады. Өмірде істеген әрбір амалы жүрегі мен көзінің алдында жанданып жатады. Сондықтан да, адам баласы үшін өлім сәтінен асқан ғыбратты көрініс болмақ  емес.  Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деп айтады: «Қабір – (амалдарға байланысты) жәннат бақшаларынан бір бақша немесе тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр болады»(Тирмизи, Қиямет 26/2460). 

  Әли (р.а.) былай деген екен: «Дүние артына бұрылып алып, кетіп барады. Ал, ақырет бізге қарай бет алып келе жатыр. Бұл екеуінің де өздеріне тиісті бала-лары (іздеушілері) бар. Сендер ақыреттің балалары болыңдар. Әсте дүниенің балалары болмаңдар! Бүгін – амал ететін күн, есеп жоқ. Ал, ертең есеп беру бар, бірақ амал істеуге мүмкіндік жоқ болады» (Әл-Бұхари, Риқақ 4).

            Пайғамбарлардан басқа ешкім соңғы демде қандай күйде жан тапсыратындығына сенімді бола алмайды. Тіпті, Юсуф (ғ.с.) Алла тағалаға:
«(Уа, Аллам!) Менің жанымды мұсылман болған күйде ал! Сондай-ақ, мені салих құлдарыңның қатарына қоса гөр!», – деген («Юсуф» сүресі, 101-аят).  Көріп тұрғанымыздай пайғамбарлардың өзі Алла Тағалаға дұға қылатын еді.  Ақылды адам - өзін өзі есепке алып, нәпсісін жүгендеп, Алла Тағаланың көрсеткен шекарасында жүріп, ақырет үшін амал етеді. Ал, ақымақ адам нәпсісіне еріп, Алла Тағаланың бұйрығын орындамай, тәубе етпей, «Мені кешіруін қалаймын» деп жүреді. Олар еңбек етпей табысқа кенелуді қалайтындықтан ақымақтардың қатарына кіреді. Олай болса, «бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біліңдер: 
        - өлместен бұрын өмірдің қадірін,
        - ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін,
        - дүниеде ақыретті жақсартудың қадірін,
        - қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін,
        - кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біліңдер»,
(Әбу Нуайм) деген.   Алла Елшісінің хадисін ескере отырып, саналы адамға сай мінез танытып, өмірімізге өң берсек, екі дүние де бақытқа кенелерімізге айқын, ағайын!

 

Теңел Айдарбекұлы,

 

Қосшағыл ауыл мешітінің имамы 

Жоғарыға