Ата-ананың қадірі
Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Әуелі Алла тағала алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің маңызды саналуында.
Алла тағала мұны бізге: Оған (Аллаһқа) ешнәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!»,- деп бұйырады. Ата-анаға жақсылық жасау күшті ерік-жігер мен имандылықты қажет етеді. Сондықтан бұл мәселеге Қасиетті Құранның бірнеше жерінде арнайы тоқталып, назарымызды соған аударады. Аллаһ Тағала: «Маған және әке-шешесіне шүкіршілік ет,қайта оралар жер менің құзырым»; «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Аятта: «Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді» десе, «Лұқпан» сүресінің 15-аятында: «әлсіреген үстіне әлсіреп» деп ананың балаға жүкті кезіндегі қиналған сәттерін көз алдыға әкеледі.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с) –ға бір кісі келіп: «О, Аллаһтың елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол: «Анаңа», - деді. Ол кісі қайта сұрағанда тағы да: «анаңа», үшінші рет сұрағанда да: «анаңа» деп жауап бергеннен кейін төртінші, ең соңында «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа жақындарыңа»,- деп жауап берген.
Қазақ халқы қай кездерде болмасын ата-анасын ерекше құрметтеген. «Әкең асқар тау, анаң кәусар бұлақ» деп әкелерін асқар тауға, аналарын ең таза, мөлдір бұлақ суына теңеген. Халқымыздың мақал - мәтелдерінде, даналық сөздерінде «Алты аға бірігіп - әке болмас, Жеті жеңге бірігіп - ана болмас»,- деген сияқты ата-ананың қадір –қасиеті туралы айтылған терең ойлы сөздер өте көп. Ал Ислам дінінде ата - анаға деген құрмет Аллаға деген сенім мен оған сыйынудан кейінгі екінші орында тұр. Абдулла ибн Амрден жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Алланың разылығы әке-шешенің разылығында, ал қаһары әке-шешенің ашуында»
Тіпті ата-ананың борышын Алла жолында және сүннет амалдарынан бұрын орындау перзенттерге міндетті болады. Абдулла ибн Амрден келген хадисте ол былай дейді: «Бір адам пайғамбарымызға» (с.ғ.с): «Ата-анаң тірі ме?»- деп сұрағанда, ол: «Тірі»,- деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Онда сол екеуіне жиһад ет (қызмет ет)»,- деген
Мына аят әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді. «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле.Мейіріммен құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр». Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беру керек.
Аятта сенім негіздерінің ең бастысы Аллаһқа серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Аллаһтан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарау әмір етілген. Осылайша Жаратушы Иеміз ата-анаға құрметпен, сыйластықпен қарауға үкім етілген.
Нариман Джумашев,
«Құспан молла» мешітінің наиб имамы
