Қош келдің, Мәуліт!
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күнін тойлау рәсімі. Бұл мереке Рабиғ әл-әууәл айының 12-күні тойланады.
Дүниедегі барлық адамдарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед«алейһиссалам» 571 жылы сәуірдің 20-на сай келетін рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбі күні түнде таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Барлық пайғамбардың үмметі өз пайғамбарларының туған күнін тойлайды. Бүгін де мұсылмандардың мерекесі. Қуаныш пен шаттық күні. Әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «мәуліт түні» болып тойланады, барлық жерде мәуліт қасидасы, өлеңдері оқылып, расулуллаһ еске алынады. Мәуліт туған сәт дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туған кездегі байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты іс болады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. Мәуліт оқу пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді. Мәуліт түні қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түн. Бұл түні пайғамбарымыздың туғанына қуанғандар кешіріледі. Хадис шәрифтерде былай бұйырылған: «Мені әке-шешесінен, баласынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам мүмін бола алмайды». «Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине оны көп есіне алады». «Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады». Бұл түні сазды аспаптар және басқа да харам нәрселерді араластырмай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт отырысын жасап, мәуліт оқу, салауат айту, дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстахаб болады. Бұл күні Құран Кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұрау керек.
Мұсылман әлемі мәулітті қалай атап өтеді?
Мәуліт бүкіл мұсылман әлемінде мейрам түрінде өткізіледі. Мәселен, Сирия, Мысыр, Ливия, Иордания, Тунис, БАӘ-де мәуліт мемлекеттік мейрам ретінде бекітіліп, бұл күні ресми демалыс болып есептеледі. Ал Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні үш күн бойы тойланады.
Сонымен қатар бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы тақырыпта мақалалар жарияланып, теледидар мен радиоларда арнайы бағдарламалар жүргізіледі. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде жоғары лауазымды тұлғалар, мереке тойланатын жерлерге барып, мұсылмандарға құттықтау жолдайды.
Жалпы алғанда, мәулітті ең алғаш атап өткен адамзаттың ардақты тұлғасы – хазреті Мұхаммадтің (с.ғ.с.) өзі десек, ақиқатты айналып өткендік болмайды. Өйткені, имам Муслимнің хадистер жинағында, Әбу Қатададан риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісінен (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», - деп жауап берген. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туылған күнін атап өткен. Хадисте Расулулланың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған.
Мәулітті атап өтудің мән-маңызы мен негізінде, Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббат жатыр. Алғашқы үш ғасырда (сахаба, табиғин, әтбағут-табиғин) мәулітті ресми түрде атап өту әдеті болмаған. Дегенмен, сахабалардың заманында жыл санауды белгілеуге қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің де ескеріліп аталуы, ардақты сахабалардың арасында осы күннің ерекше мәңге ие екендігін көрсетсе керек.
Ендеше, еліміздің барша мұсылман жұртын осы қасиетті Мәуліт айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!
Ұ.Есекеева,
«Әйіп қажы» мешітінің ұстазы