Мұсылманның ар-намысына тию
Мұсылман – мұсылманға бауыр. Мұсылман опасыздық істемейді, өзгенің мал-мүлкіне, ар-намысына көз тікпейді, алдап-арбамайды, әлдекімді мазақ етпейді, көңілін қалдыратын сөздерден, жағымсыз қылықтардан аулақ тұрады. Өз басына тілемейтін нәрсесін өзгелерге де тілемейді. Бір-бірін сүйеді, мал-мүлкін, ар-намысын қорғайды. Сондықтан, мұсылман кісі өзге мұсылман бауырласын мазақ етсе, оның көңіліне тиетін сөздер айтса, яки жаман ат тақса, үлкен күнә болып есептеледі.
Әлдебір кісіні мазақтап, оның сыртынан күліп көңіл көтеру ең жаман қасиет. Яғни, өзге біреуді мазақтап күлу, тіпті ол ісін мақтаныш ету, бұл надандыққа, мәдениетсіздікке жатады. Тек сөз жүзінде ғана мазақтау емес, айталық күнделікті өмірімізде көріп жүргендей, көшедегі қабырғаларға немесе жол ортасына «пәленше ондай, мұндай» деп түрлі-түсті бояулармен жазылған іс-әрекеттер де осыған ұқсас жаман қасиеттердің бірі саналады. Яғни, біреуді мазақ ету оның ар-ожданымен ойнау, намысына тию, т.б. мұндай іс-әрекеттердің ертеңгі күні сұрағы оңайға соқпайды. Екінші жағынан алғанда, біреуді мұқату деген сөз оның жаратушысын да мұқатқан болып саналады. Неге десеңіз, адам баласы бойындағы кейбір кемшіліктерін өзі тілеп алған жоқ қой? Оны Аллаһ солай жаратты.
Демек, кісінің ар-ожданына тиіп, оны мазақ ету – үлкен күнә. Мұны жақсы біліп алған жөн. Бұл ертеңгі ақыретте пендеге ақысының кешірілмеуіне себеп болады. Ақыретте мазақ етілген кісі өзінің ақысын алу үшін әлгіндей кісілерді кешіріп, кешірмеуі екіталай. Ол күні әрбір пенде біреуден сауап алып, өзінің күнәсін біреуге арқалатып жіберуді ойлайды. Іздегені алдынан шыққандай, өзін мазақтаған кісінің сауабын алуды талап етеді. Егер оның сауабы жоқ болса, өзінің мойнындағы күнәсін оған жүктеп, сонан соң барып ақысын кешіруі мүмкін. Сол себепті бұл дүниеде істелген зұлымдық пен әділетсіздіктер қиямет күнінде иелеріне қайтарылады. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Зор уақиға. Ол, зор уақиға не нәрсе? Ол зор уақиғаның не екенін білесің бе? Ол күні адам баласы таралған паруанадай болады. Таулар түтілген жүндей болады. Міне, сонда біреудің таразысы ауыр тартса, онда ол, разы болатын бір тіршілікте болады. Ал енді біреудің таразысы жеңіл тартса, онда оның орны «Һауия» болады. Ол Һауияның не екенін білесің бе? Ол – жалындаған от» (Қариға сүресі, 1-11 аяттар).
Міне, кім бұл дүниеде тіл-жағы мен іс-әрекеттерін есепке тартып, тұрмыс-тіршілігін шариғатқа сай етіп әділеттілікпен ғұмыр кешсе, Мизан таразысынан оңай өтеді. Ал, кімде-кім өз араларындағы пенделік ақыларын өтеместен көз жұмар болса, қиямет күні ақылары қалып қойғандар оны қоршап алады. Біреулері қолынан, біреулері аяғынан, ал тағы біреулері мойнына жабысады. Біреуі шығып: «Маған хақсыздық (әділетсіздік) жасадың» - десе, тағы біреуі шығып: «Мені сабадың», «Мені балағаттадың», «Мені мазақтап, өсектедің», «Менімен дұрыс көршілік қатынас жасамадың» деген сияқты сөздермен тамағынан жабысып алқымнан қысады. Бұл жағдайды көргенде адам есінен танып, дал болады. Әркімнің өзін ғайбаттаған кісілерден, әділетсіздік жасағандардан алатын ақысы болады. Кері қайтар жол таба алмай: Раббымнан бір жәрдем болар ма екен деп үміттенгенде, Аллаһ Тағала Құран кәрімде былай дейді: «Бүгін әркім істегені бойынша жазаланады. Бүгін зұлымдық болмайды» (Ғафыр сүресі, 17-аят) деген аятын естиді. Сонда жүректің қорқыныштан тулап, жағдайдың қиындайтынын түсінесің. «Әттең!» айтып зар жылайсың. Бірақ, бәрі кеш. Ол күні ешбір жеңілдік көрсетілмейді, әрбір сөзіңе және әр басқан адымыңа есеп беретін уақыт осы. Ендеше, мұндай қорқынышты күнге тап болатын қиыншылықтар мен ауыртпашылықтардың алдын алу қажет. Аллаһ Тағаланың ризашылығын алатын іс-амалың болмаса, адал ниетпен жасаған жақсы амалдарың болмаса, қазірден ойлану керек! Мұндай қайғылы жағдайға ұшырағымыз келмесе, тілімізге ие болайық!
Құран Кәрімде былай делінеді:
«Ей, иман келтіргендер! Бір қоғамдағылар екінші қоғамдағыларды мазақ қылмасын. Мүмкін, олар өздерінен де жақсы адамдар шығар. Әйелдер басқа әйелдерді мінеп-сынамасын, олар да сендерден көш ілгері болуы мүмкін ғой. Өз-өзіңізді де кінәламаңыз. Бір-біріңізді жаман лақаптармен шақырмаңыз. Иманнан кейін жиіркенішті сөздер сөйлеу қандай жаман?! Тәубе қылмаған адамдар – залым адамдар» (Хұжұрат сүресі, 11-аят).
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Бір-бірлеріңізді қызғанбаңыздар. Сауда-саттықта бір-бірлеріңізді алдамаңыздар. Өзара алакөз болмаңыздар. Мұсылман – мұсылманға туысқан. Оларға зұлымдық көрсетпейді, көмексіз қалдырмайды, оны қор санамайды» - дей келіп, үш рет кеудесіне қолын қойып: «Діншілдік дегеніміз міне осында! Бір адамның мұсылман бауырын қор етуі, оның жаман адам болуына жеткілікті. Мұсылманның қаны, малы, ар-намысы мұсылманға харам» - деп әмір берген (Мүслим, Бирр 10). Осылайша, адамды қор етіп, мазақтаудың қаншалықты зиянды екенін білдірген.
Адам өзі сияқты басқа адамды неліктен мазақ етеді? Оның өн бойындағы кемістік үшін немесе сыйлауға тұрарлық қасиеті бірден байқалмағаны үшін. Бұл дұрыс емес. Кісіні өлшеп-пішу жаңсақтық. Өйткені, адам баласы – Аллаһтың жаратқан жан иелерінің ішіндегі ең кемелдісі, құрметке бөленгені. Жаратқанның пендесін көзге ілмей, өзінен кем көру – қателік. Кім білсін, сіз мазақ қылып жүрген кісі Аллаһтың алдында сізден әлдеқайда қымбатты кісі шығар?
Бүгін өзгелердің артынан сөйлеп, келекелеп күлу, мазақ ету сені қуандыруы мүмкін, бірақ бүгіннің де ертеңі бар. Ертең әділетті Аллаһтың алдына барғанда уайымың көп болады.
Аллаһ Тағала тілімен де қолымен де тырнақ астынан кір іздей тиісіп, нұқып, табалап, ренжітуді әдетке айналдырған кейбіреулер жайында мынаны әмір еткен:
«Басқалардың артынан өсек-аяң тасуды, біреуді мазақтауды, мақтаныш көруді және өзгелерді мінеуді, дүние-мүлік жинап, соны бағалауды дағдыға айналдырған пенделерді қарғыс атсын! Оның жиған мал-мүлкі өзін мәңгілік өмір сүруге жағдай жасайды деп ойлай ма екен? Әсте, олай емес. Оның хұтама-тозақтың төріне (Хұтама – тозақтың бесінші қабаты) тасталмасына кім кепіл? Тозақтың төрінің қандай екендігі сізге айтылмады ма? Ол жанған сайын алаулап, жүректердің түкпіріне дейін баратын от. Олар осы оттың ортасында діңгекке байланады және осы күйлерімен қамалып тасталады» (Һумаза сүресі).
Мінеки, басқаларды мазақ етудің, көңіл қалдырар сөз сөйлеудің соңы. Енді өзіңіз ой жүгіртіп көріңіз.
Бұл тек мұсылмандар арасында ғана емес, барша жаратылған мақлұқтарға да қатысты. Айталық, хайуанаттарға да қорлық-зорлық көрсетілуге тыйым салынған. Өйткені, дініміз Ислам – адамзаттан бастап, барлық жан-жануарларға дейін азап көрсетуге үзілді-кесілді қарсы.
Қорыта айтқанда, мұсылман кісі мұндай жаман қасиеттен бойын аулақ ұстап, керісінше көрген жерде хал-жағдайын сұрасып, айыбын жасырып, жақсысын асырып көңілін табуды мақсат тұтсын. Жүрегінде Аллаһқа деген құрметі болған адамда мұсылманды менсінбеу, өзінен төмен санау деген жаман мінез ешқашан болмауы тиіс. Себебі, Аллаһтан шын қорыққан адам мұндай мінездерден арылады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисімен айтар болсақ: «Мұсылман кісінің қолы мен тілінен басқалар азап шекпейді» (Мұхтасар Сахих Бұхари, Китабул Иман 10).
Дастан Сулейменов,
Жылыой орталық мешітінің
ұстазы