Дәстүріміз де дініміз де қыз бала тәрбиесіне мән берген!
Қазақ халқы ерте замандардан Алла Тағалаға құлшылық етіп, құран мен сүннет жолын берік ұстанған ұлттың бірі. Бұл сөздердің шындығына дәлел ретінде қанымызбен біте қайнасқан ұлттық құдылықтарымыз, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрімізге көз жүгіртіп қарасақ жеткілікті болады. Өйткені, барлық ырым – тыйымдардың өз логикалық тұжырымы, әрбір салттың пен ғұрыптың сүннеттен алар өзіндік ерекшеліктері бар. Әрине бүкіл ұлттық құндылықтарымызды зерттеп зерделеп отыру оңайға соқпайды. Сондықтан бүгінгі мақала «Қызға қырық үйден тыйым» деген қазақы тыйымның астарындағы негізгі түпкі ойға шолу жасау болсын.
Қазақ халқы қыздың тәрбиесіне аса зор мән берген. «Қыз өссе елдің көркі» деп, қызды алақанына салып әлдилеген. Өйткені қыз болашақ –ана, елдің тәрбиелеушісі. Асыл дінімізде де қыз тәрбиесіне өте қатты назар аударылады. Бұл туралы Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (ﷺ) бірде сахабаларымен мәжіліс құрып отырып: «Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды асырауға, қиыншылықтары мен қуаныштарына төзіп сабыр етсе, Алла Тағала ол адамды қыздарына рақымдылық танытқаны үшін жұмаққа кіргізеді», – деп айтады. [1]. Хадистен қыз баланың тәрбиесінің жүгі ауыр, маңызы зор міндет екені және осы қиыншылықта сабырлық пен төзімділік танытқан ата-анаға жұмаққа кіруге мүмкіндік екені айтылады. Ал, осы жәннатқа оңайлықпен кіре аламыз ба?! Әрине, бұл жердегі ой: ислам дінін берік ұстанатын, салт-дәстүрді құрметтеп, бойына көркем мінез бен ізгі қасиеттерді қондырған, жүрегінде иманы мен басында салиқалығы бар қызды тәрбиелеу турасында болып тұр. Бұлай тәрбиелеу үшін ұл-қызымызды жат қылықтардан сақтандырып, жақсылыққа ерте кезден баулыған жөн.
Неліктен қазіргі таңда бұзақылық пен өз-өзіне қол жұмсау алуда?! Неліктен балалар бұрынғыдай далада ойнаудан көрі, теледидар мен телефон көздеріне телміріп уақыт өткізеді?! Неліктен кітап оқушылар саны азайып барады?! Неліктен жастайынан қыздардың жүкті болуы мен баласын тастауы, алдыртуы жайылып барады?!
Бұның бір себебі, баланың тәрбиесіне қатал назар аудармауымызда. Ертеңгі болашақ бүгінгі жастардың қолында деген сөз бекер айтылмаса керек. Ендеше халық даналығындағы қыз баланы тәрбиелеу тыйымдарына ислам негіздері құран мен сүннет арқылы зер салайық.
«Қызға қырық үйден тыйым»:
«Әдепсіз сөзге, жарыса сөйлеуге, жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге, суық жүріс, сумаң қылыққа тыйым салынады» :
«Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында, мен үшін ең сүйіктілерің, әрі қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең көркем болғандар. Сондай-ақ, мен үшін ең жеккөрініштілерің, әрі қиямет күні менен ең алыс болатындарың – көп сөйлейтін мылжыңдар, ділмәрсіп аузын көпіртіп сөйлейтін лепірме мақтаншақтар және басынан сөз асырмайтын тәкаппар сөзшеңдер» - деп айтты» - делінген (Тирмизи)
«Басқаларға қол тигізуге, адам мен жануарларды тебуге, кісіні қорлап жәбірлеуге, орынсыз ұрынуға тыйым салынады» :
Қасиетті Құранда «Кімде-кім зәренің мысқалындай жақсылық қылса, оны көреді. Кімде-кім зәренің мысқалындай жамандық қылса, оны көреді», «Кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы — ішінде мүлде қалатын Тозақ болады. Сондай-ақ Алла оған ызаланады, лағынеттейді және зор қинау әзірлеп қояды»,— деді (ән-Ниса 4: 93) ,- делінген. (Зәрият, 7, 8).
Ал, хадисте Пайғамбар с.ғ.с : “Аллаһ бір ит үшін жаман атағы шыққан әйелді кешіріп, жаннатына алды. Құдық басында тілі аузына сыймай салақтап, шөлден қаталап жатқан әлдебір иттің тұсынан өтіп бара жатып, оның мүшкіл халін байқап қалған әйел дереу белінен белдігін шешіп, аяқ киіміне байлайды да, құдықтан, су алып береді. Осылайша ит ажалдан аман қалады. Міне, әйелдің итке деген осы бір әрекеті оның кешірілуіне себеп болды. Аллаһ оған жаннатын несіп етті»,-дейді.
«Өтірік, өсекке, қызғаншақтық пен күншілдікке,елді ғайбаттауға тыйым салынады»: Пайғамбарымыз с.ғ.с: «Әлемде ең бірінші өтірік айтқан шайтан және кімде-кім өтірік айтса, ол бізден емес», - деген. Ал, құранда «Ей, иман еткендер. Күмәнді ойлардың көбінен аулақ болыңдар. Өйткені, кейбір күмәнді ойлар күнә. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздестірмеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме?. Әрине одан жеркенесіңдер...».(Худжрат-12 аятында).
«Кісіге қарай керіліп есінеуге, талтайып отыруға, шалқайып жатуға тыйым салынады»:
«Кімде-кім иманының кәміл болғанын қаласа ынсапты болсын..», «Әшкере болсын, жасырын болсын жаман қылыққа жуымаңдар», «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді»[Тирмизи]
«Тамақты обырлана асауға, қараулыққа, ысырапқа, ішімдік ішу пен шылым шегуге тыйым салынады»
Құранда «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят]. Ал, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады»,- дейді және тағы бір хадисінде «Кекіруді тоқтат. Өйткені, дүниеде тоя жеген адамдар қиямет күні ұзақ уақыт аш қалатындар»,- деп қатаң ескерткен.
«Ұрлық-қарлыққа тыйым салынады»- Құранның Мәйда сүресі 38 аятында «Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы сол. Алла Үстем һәм Дана» делінген.
«Жалғыз қыдыруға, шектен тыс сыланып жасануға, ұятты мүшелерін ашып жүруге, бұраңдап қылымсуға, кісі алдында киім ауыстыруға, түнде суға жалғыз баруға, жат жыныстылармен араласып жатуға, күйеуге қашып тиюге, нәпсі құмарлыққа тыйым салынады»:
Бұл туралы Пайғамбар с.ғ.с хадисінде «Әйел көшеге шыққан кезде шайтан оған үнемі қарап тұрады», «Бөтен әйелмен бір бөлмеде жалғыз (жеке) қалмаңдар! Әйел, күйеуінің бауыры немесе оның ұлымен жалғыз қалатын болса, өлімге дейін жетеленеді»,- делінсе, Құранның «Нұр» сүресі 31-аятында Алла тағала : «Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Олар тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін...» дейді.
«Қызыл іңірде жатуға, түске дейін ұйықтауға, үлкендердің жолын кесіп, атын атауға тйым салынады»: Сүннетте көп ұйықтау дұрыс еместігі қатаң ескертіледі, қазіргі медицина ғалымдары көп ұйықтаудың адам ағзасына зиян екенін дәлелдеп отыр. Хадистерде: «Аллаһу та'ала көп ұйықтайтын адамды жақсы көрмейді.»(И.Ғазали), «Таңғы ұйқы ризыққа бөгет болады» (Бәйһақи),-делінген.
«Ұрыс-керіске, тарс-тұрс етуге, беттен алып, бет жыртысуға, айқай-сүреңге тыйым салынады»:
«Мұсылман – мұсылмандарға қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам», «Аллаға иман еткен кісі міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес»[Тирмизи]
«Менмендік пен өзімшілдікке, тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға алдап-арбауға, рахымсыздық пен қатыгездікке тыйым салынады»:
Құранның Исра сүресі 37-38 аяттарында «Жер бетінде тәкаппарланып жүрме! Өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті жаман қылықтар саналады» делінген, ал Алла Елшісі с.ғ.с: «Рақымдылық көрсетпегенге, рақымдылық көрсетілмейді», «Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нәсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған», «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді» (Муслим),- деп қатаң ескерткен болатын.
Мінекей бұл тек азғана аяттар мен хадистерден дәстүр-салтымызға қысқаша шолу, ал егер тереңірек зерттеп зерделейтін болсақ, ұлтымыздың ұйыған тыныштығына еліміздің бибітшілігі мен татулығына, ұрпақтың даналығы асыл дініміздің арқасы екені мәлім. Әрине әуелі Ұлы да Мейірімді Жаратушы Аллаға сансыз шүкір мен мадақтар айтамыз және Ардақты Елшіміз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын, осындай сара жолды қалдырғанына Алланың разылығы жаусын!!!
Ұл – қыздарымыз иманды да инабатты болып, келешегіміз жарқын болсын ағайын.
Жарсуат ауылдық мешіті Қ.Рспаев.