Ерлі-зайыптылардың ақылары

Ер мен әйел өз міндеттерін орындап, бір-біріне тиісті ақылдарын беріп отырса, отбасы бақыт пен сүйіспеншілікке бөленері сөзсіз. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«... Алда-жалда ерлерімен жарасып қалғандай болса, онда ерлерінің келісімі бойында мұндай қадамды әйелдер де жасауға хақылы. Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары» («Бақара» сүресі, 228-аят), –деген.
Аят екеуінің әрқайсысына қатысты тең құқықтарды міндеттеген. Егер әйел шамасы жететін қандай да бір істі ері үшін жасайтын болса, онда күйеуіне де сондай шаруаны атқару міндет. Сонда екеуінің арасында теңдік орнайды. Әйелдің ері алдында ақысы болғаны сияқты, ердің де әйелі алдында ақысы бар.
Ерлі-зайыптылар арасындағы тең ақылар екеуіне де ортақ, алма кезек (яғни біреуі жасаса, екіншісі де жасау керек) негізінде бекиді және ол екеуі сол нәрседе тең болмақ, тіпті жаңағы ақыларының бәрін бірдей орындамаса да! Егер әйел өзінің күйеуіне бір іс істеген болса, ерінің де әйеліне сондай бір іс істеуі тиіс болады. Тіпті дәл сол істің өзін істемесе де соның ұқсасын жасайды. Егер оны да істей алмайтын болса, ер адамға лайық болған нәпақа тауып беру сияқты істердің бірін, болмаса жақсы мәміледе болу сияқты әрекеттерді орындайды. Хақ Тағала:
«Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары» деген аятты ғалымдар ер адамның нәпақа тауып, отбасын адал жолмен асырауы жайында айтылғанын алға тартады. Бұл аятқа Ибн Аббас: «Әйелдерге жақсы мәміле, жақсы қарау міндет болғаны сияқты, олар да ерлеріне бағынуға міндетті» деген.
Ерлі-зайыптылардың арасындағы тең құқықтар жалпы, не жеке болсын алма-кезек сипатта бола береді. Мысалы, жақсы қарым-қатынас, өзара сыйластық, жұмсақ мәміле сияқты жалпы әдептер жатады.
Ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Оның маған сәнденгені сияқты менде ол үшін сәнденгенді жақсы көремін. Өйткені Алла Тағала әдемілікті жақсы көреді»-деген.
Ер мен әйел бір-бірінің сырын, айыбын ашпауы өте маңызды. Алла Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың алдындағы адамдардың ең жаманы әйеліне жақсы қарым-қатынаста болып, оның сырын ашқан ер кісі»,-деген.
Ерлі-зайыптылар құлшылықта да бір-біріне ескертіп, Құдай қосқан қосағының қамын жеуі тиіс. Алла Елшісі (с.ғ.с) жұбайларына бұл тұрғыда көп ескерту жасайтын. Расулулла (с.ғ.с) бір хадисінде: «Түнде тұрып намаз оқып, кейін әйелін оятқан, егер ол тұрудан бас тартса бетіне су шашып оятқан ерді Алла рақымына бөлейді. Түнде тұрып намаз оқып, кейін ерін оятқан, егер ол тұрудан бас тартса бетіне су шашып оятқан әйелді Алла рақымына бөлейді» деген.
Сондай-ақ ер адам өзінің жарының тақуалығына да мән беруі керек. Үнемі Алла Тағаланың әмірін есіне салып жұмсақ мәміле жасай отырып, жүрегіне жететіндей насихат айта білуі тиіс.
Екі жақ та өтірік айтудан, күмәннан, не жаман ойдан аулақ болуы керек. Жаббар Иеміз:
«Ей, иман келтіргендер! Күмәнды ойлардан сақтаныңдар, өйткені кейбір ойлар күнә» («Хұжурат» сүресі, 12-аят) деген. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-біріне адал әрі шыншыл болулары тиіс, егер сөйлесе тек ақиқатты ғана айтуы қажет. Мұсылман кісі өзгелерге жалған сөйлемесе, жан жарына қалай өтірік айтсын?! Егер мүндай келеңсіз жағдайлар орын алса, сенімге сызат түсіп, құқықтары тапталады. Мұнан кейін олардың бір-біріне ақылары туралы сөз етудің де өзі артық емес пе?!
Жайлыбек Кенжеалиев, Сарайшық селолық мұсылмандар
мешітінің бас имамы