Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ИСЛАМ ІЛІМІ – ТҰЛҒА ҚҰҚЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

ИСЛАМ ІЛІМІ – ТҰЛҒА ҚҰҚЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН БІЛІМ ЖҮЙЕСІ

Ислам – ілім діні. Бұл – ақиқат. Оның дәлелін қасиетті Құранның өзінен табуға болады. Ең алғашқы аят адамзатты оқуға бұйырудан басталған: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамға білмегенін үйретті»[1, 96; 5-6].

Құран араб тілінен енген, «көп оқылатын кітап» деген мағынаны беретін сөз. Ол адамзаттың жаратылысы туралы, арам мен адалды, ақ пен қараның да айырмасын ескертуші кітап. Сондықтан «Құранды» көбірек оқып, оған амал еткен адам өз құқығын білген адаммен тең. Тарихқа зер салсақ, ел басқаруда, ел тұтастығын сақтауда даналығымен, ерлігімен тарихымызда қалған Қасым хан, Есім хандар қалыптастырған құқықтық жүйелер Ислам діні шариғатын басшылыққа алып жасалған екен. Яғни, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» – қазақ тарихындағы ең үздік құқықтық жүйе еңбегі.

Өкінішке қарай, «қолында Құраны, адамзат адасып барады» – демекші, Құран туралы түсінігіміздің тым тайыз екені жасырын емес. Мысалы, Құран-кәрім әрпін тану былай тұрсын, оны жылы жауып (ашпай) жоғарыға іліп қою және өлі аруаққа бағыштап Құран хатым етерде ғана еске алу шариғатымыз бойынша – надандық. Себебі, Алла Тағала оны Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы сүйіншілеп, адамзатты оқуға бұйырды: «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін, әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді» [1, 17;9]. Қандай қоғамда да шындықты таныған, хаққа сенген ұлт зиялылары Құранға бас иген. Қылышынан қан тамған кеңес заманында ақиық ақын М.Мақатаев «Дін – ғылымның атасы» деп, Құранның ақиқат кітабы екенін іштей мойындап өткен. Орыс жазушысы Л.Толстойдың ата сенімі – христиан дінінен шығып, ақиқатты Құраннан іздеуі – Құранның құдіретінде. Ал, Құран шындығына табан тіремеген қауым қашан да жеңіліс тауып отырған. Оның мысалын тарихтан көптеп табуға болады. Аллаға қарсы келіп, оның қаһарына ұшыраған сандаған қауымның жер бетінен жойылып кетуі, өмірлік өкініште қалуы туралы оқиғалар Құранда кездеседі. Бұл – иман келтірген қауым сабақ алуы үшін берілген ескерту.

Адамзат баласы Алла Тағаланың құзырында ілімімен, ілімімен, сол ілімі бойынша жасаған амалымен қайырлы: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» [1,39;9], «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» [1,4;162], «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» [1,35;28], «Раббым, білімімді арттыра гөр!» [1,20;11].

 Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім іздеу – мұсылман ер мен әйел үшін парыз», «Білім – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алсын»,  – дейді өз хадистерінде. Демек, ілім алу – Алла әмірі және де пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті.

Білімнің қадыр-қасиетінің өте жоғары екенін ұлт зиялылары білген, әрі осы жолда өздері амал еткен. Хакім Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен озам деу – ақымақтық» деген қарасөзінің де бастау-бұлағы Құран аяттарына келіп саяды[2; 224]. Махмұд Қашқари данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақынымыз: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ш.Шыңғысұлы: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін, алдымен, азаттық пен білім керек», – деген.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударған (хижра) соң Мәдина даласына мешіт салдырып, сахабаларына ілім үйреткен. Пайғамбар (с.ғ.с.) ілімді дүниелік істерден жоғары қойған. Бәдір соғысынан соң, қолға түскен тұтқындың ішіндегі сауаттыларына он мұсылманның сауатын ашуды міндеттеген. Егер де бұлай болған жағдайда, оларды тұтқындықтан босатуға уәде берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран айтқан «білгенді үйрету» әміріне басшылыққа алған. Білгендердің білмегендерге үйретуін бұйырған. Діннен мақұрым аймақтарға дін үйрететін ұстаздарды жіберіп отырған. Пайғамбар (с.ғ.с.) – осылайша алғаш мұсылмандардың білім алуына өзі ұйытқы болған, адамзатқа үлгі болған теңдессіз тұлға.

Ислам тарихында ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек. Мұсылман елдерінің саяси-қоғамдық өмірінде философтар мен ойшылдар маңызды рөл ойнағанын тарихтан білеміз. Мұсылман ойшылдары қоғамдық пікірге ықпал етті және көптеген мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қабылдануына түрткі болды. Әбул Әсуад әд-Дуали былай деген еді: «Патшалар адамдарды басқарады, ал патшаларды ғалымдар басқарады». Бұл сөз билеушілердің білім иелеріне жүгінгенін аңғартады.

Сол себепті Ислам әлемінде ғылым-білім кең қанат жайып, мұсылманша оқытатын оқу ордалары халыққа қызмет етті. Тіпті VII ғасырда мешіттердің жанынан мұсылмандық бастауыш діни мектептер ашылды. Олар күні бүгінге дейін сауат ашу курстары ретінде халыққа қызмет етуде. Бұл мектептердің  құрылуы таифтік әл-Хажжаж ибн Жүністің есімімен байланыстырылады. Исламның өркендеу кезеңінде көптеген мұсылман қалаларында жоғары оқу  мектептері (медресе) қызмет етеді. Мұсылман әлеміндегі белгілі медреселер қатарына Бәйт әл-Хикма (Бағдад ІХ ғ.), әл-Каравийия (Бағдад ІХ ғ.), әл-Азхар (Мысыр Х ғ.), ән-Низамийя (Бағдад ХІ ғ.), әл-Мустансырийя (Бағдад ХІІІ ғ.) жатады.

Аталған мектептердің әрқайсысының өздеріне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Мұсылман медреселері Еуропадағы бүгінгі таңда әлемге әйгілі жоғары оқу орындарының ашылуына түрткі (үлгі) болды. Айталық, Еуропадағы Болон, Париж, Монпель, Оксфорд университеттері ХІІ ғасырдан кейін, яғни Ислам медреселерінен көп кейін өмірге келді. Сондай-ақ, орта ғасырлардағы Ислам ғылымы жеткен жетістікті әлі күнге ілем ғылымының қайталай алмай отырғаны – мұсылмандық өркениеттің биіктігін көрсететін жағдай. Философ-ойшыл әл-Кинди, математик әл-Хорезми, медицина саласының білгірі Ибн Сина, математик, астроном әл-Баттани, екінші ұстаз әл-Фараби т.б. даналар – Ислам топырағынан өсіп-өнген даналар. Ислам дінінің осындай жетістікке жетуінің құпиясы оның ілім алушыға қоятын талабымен де байланысты. Әр ниеттің ықыласты, әр сөздің іспен бекіп, амалдарда көрінуін қалайтын дініміз – білім мазмұнына жоғары талап қоятын дін.   

Ислам діні білім алушыда екі жаман қасиет болмауы керек деп санайды. Оның біріншісі – тәкаппарлық. Шәкірт өз қателігін мойындай білмесе және жеткен жетістіктері үшін дандайсып кетсе, ол – еңбекпен келген ғылымының соры. Осы жерде әрбір білім іздеуші жас талапқа тәрбиенің қажеттілігінің зор екені байқалады. Яғни, ілім – иман десек, тәрбие – амал іспетті дүние. Екеуі екі түрлі болса, ол адамға абырой әпермейді. Керісінше, ол адамның өз соры.

Екінішіден, ұялшақтық. Шәкірттің шектен шыққан ұялшақтығы білімді жетілдіруге кедергі етеді. Өйткені, ұялшақ шәкірт түсінбегенін ұстазынан сұрауға қысылып, оның бойында тұйықтық, керітартпа қасиет өсіп өнеді. Ол – ғылымды өсірмейтін мінез.

Абай отыз екініші сөзінде: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар: Әуел – білім-ғылым табылса дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемеске керек. Екінші – ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Үшінші – әр хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең де айырылма! Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар: оның бірі – мұлахаза, екінші – мұхафаза. Бесінші – осы сөздің он тоғызышы бабында жазылған ақыл кеселі деген нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Алтыншы – ақылды, ғылымды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар... [2,176].

Ислами тәрбиенің жүйесінің негізгі ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтелік:

1) Білім алу. Бұл – құлшылық өзегі. Егер Алла Тағала Құранда «Жын мен адамзатты құлшылық қылуы үшін жараттым»  дейтін болса, оның, яғни құлшылықтың өзегі – ықылас, ниет. Ал, оны кемелдендірудің жалғыз жолы ілім-білім. Ілімсіздік – қараңғылық. Ол жерде тек қана надандық пен соқыр сенім орын теппек. Исламға дейінгі жаһилиет дәуіріндегі азғындықты осы сөзіміздің мысалы ретінде айтуымызға болады. Әйелдерді арсыздыққа итермелеп, қыздарын тірідей жерге көмген қоғамның осыншалық азуына да олардың ілімсіздігі ықпал еткен болатын. Бұл туралы Алла Тағала «Жұма сүресінде «Ол сондай Алла – сауатсыздардың ішіне өздерінен Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ кітап, даналық үйрететін бір пайғамбар жіберді. Негізінде олар ашық адасуда еді», – деп [1,62; 2] асыл дініміздегі білімнің маңыздылығын осылайша баян етеді. Аталған сүреден Ислам дінінің ілімді үйретушіге де аса жоғары жауапкершілік жүктейтінін байқаймыз.

2) Білім үйрету. Тура жолды салу, Алла Тағала ілімін насихаттау – ол кез келгеннің еншісіне бұйырмаған міндет. Алла Тағаланың пайғамбарларға жүктеген асыл парызы. «Расында елшілерімізді ашық мұғжизаларымызбен жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін кітапты мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік. Сондай-ақ темірді пайда қылдық»  [1,57;25]. «Сол уақытта Аллаһ Тағала кітап берілгендерден: «Әлбетте оны адамдарға түсіндіріңдер, жасырмаңдар» [1, 9;122]. «Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде, үшін ескертулері керек емес пе?» [1,3 187]. Пайғамбарымыздың да ғылым үйрену жайында айтқан көптеген хадистері бар. Мәселен: «Білім үйрену – әрбір ер мен әйел адам үшін парыз». «Білім – мұсылманның жоғалтқан малы, оны қай жерден көрсе де алады».

Білім шарттары:

1) білімге қанағатсыздық. Халық даналығы жер бесіктен көр бесікке дейін ілім іздеудің қажеттілігін айтады. Қазақ мәдениеті бастауын Ислам дінінен алып жатқандықтан, оның қайнар көзі – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері болса керек: «Мұсылман білімге томайды, өмірінің соңына дейін білім алады».

«Алла – бір, пайғамбар – хақ» дейтін хакім Абай бұл мәселеде Ислам діні ақиқатына мойынсұнып, оны жырға айналдырған: «Сізге ғылым не берер, жанбай жатып сөнсеңіз?..». Себебі, Алла – шексіз құдірет иесі, құл- пенде санасы – шектеулі. Сондықтан шектеулі сана шексізді танып болмақ. Тіпті ғұмырын арнаса да, оны толық танып біле алмайды. Бір кем дүние дегеніміз осындайдан айтылған сөз болса керек. 

2) білім беруде ықтиятты болу. Тәрбие беруде ықтиятты болу оның немқұрайлы берілуінен сақтандырады. «Білім – инемен құдық» қазғандай қиындығы, тауқыметі мол іс болғандықтан, ол көп күш-жігерді қажетсінеді және ілім іздеуді тастап қоймауды қалайды. Бұл ретте білім беруші – Алла Тағала алдында жауапкер. «Оңайлатыңдар, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, жиіркендірмеңдер» деп келетін пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері – соның дәлелі. 

Осы тұрғыда төртінші халифа хазр. Әлидің тағылымды сөзі бар: «Адамның көңілі үнемі бір нәрсе үйренуге құмар болып тұрады. Кейде тыңдағысы, ал кейде тыңдағысы келмейді. Оның көңіліне қарай қарым-қатынас жасаңдар. Тыңдау жөн болған кезде олармен сөйлесіңдер. Өйткені адамның көңілін бір нәрсеге мәжбүрлейтін болсаң, оның соңы сорға айналады. Қалауыңды тәрк ететін дәрежеге жетеді» [3]. 

3) Әдеп құндылықтары, рухани әрі әдептіліктің құндылықтарына ерекше көңіл аударылады. Мұны сақтау ешқандай қиыншылықтарға бой алдырмай қорғау тиіс. Әдептің маңызын Хз. Пайғамбар былайша түсіндіреді:

«Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім». Тағы бір хадисте былай делінген: «Адамдар сендерге жақ-жақтан білім үйренуге келетін болады. Оларға әдептілікті үйретіңдер».

4) барша істі Алла разылығы үшін істеу: Білімді дүниеге бөлену үшін алмау керек. Білімді Аллаһ разылығы үшін үйреніп, әрі үйрету қажет.

5) жауапкершілікке баулу. Әрбір оқушыны білген нәрсесін тәжірибе жүзінде атқаруға үйрету керек. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құр тілмен айтқан, алған білімнің пайдасыз екендігін былайша түсіндіреді: «Білімнің екі түрі бар: Біреуі тілден көңілге кіреді, бұл пайдалы білім; Екіншісі тек қана тілде ғана қалады. Ақырет күні өзіне қарсы шығады» [4].

Ислам тәрбиесінің жүйесінде әрбір оқушыға өмірдегі жауапкершілікті үйрету баста орында келеді [5]. Өйткені, жке адам құқығын қамтамасыз ету білім алудан басталады. Осы орайда «Білгендер мен білмегендер тең бе?», – деп келетін Құран аяттарын басшылыққа алған Абай данамыз «білімсіздік –  хайуандық» екенін айтып, жатқа жем жегізбеудің жолы білімді болу екенін насихаттап өткен. Олай болса, Ислам ілімі тұлға құқығын қамтамасыз ететін білім көзі екенін мойындап, қайнар бұлақтан сусындайтын кез жетті.

  

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.    Құран-кәрім (Халифа Алтай аудармасы) – Медине Мұнаууара. Сауд Арабия. Почта құтысы: 3561  

2.    Абай. Шығармалары. 2- том. – Алматы, «Жазушы. – 1977. – 312 б.

3.    Kandehlevi Hayatüs-Sahabe I-том

4.    Kutub. Fisilal. X-том

5.    Kandehlevi Hayatüs-Sahabe III.

 

Өсімхан ТІЛЕУОВ,

«Әт-Тақуа» мешітінің бас имамы

 

 

Жоғарыға