Шынайы ілім тура жолға бастайды

«Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» ,- де.
Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады
(Зүмәр сүресі, 9 аят)
Асыл дінмізде ілім-білімге өте көп мән беріледі. Ақиқатында, ілім – тура жолмен жүріп, тақуалық биігінен көрінудің кепілі. Өйткені, барлық ғибадат-құлшылықтар тек қана ілім арқылы жүзеге асады.
Қасиетті Құран Кәрімде «ілім» сөзі 105 жерде кездеседі. Ілімнің адамзат өміріндегі маңыздылығы сондай ең алғашқы Құран аяттары, яғни «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары пайғамбарымызды (с.ғ.с) оқуға бұйырған. Біз бұған қарап адамның адам болуында оқудың, ілімнің аса маңызды құндылық екенін байқаймыз. Асыл пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадистерінде тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеудің қажеттілігін атап көрсетеді.
Ілім – адамзатты қараңғылықтан жарыққа шығаратын рухани күш-қуат. Себебі ілім арқылы адамзат Жаратушыны таниды, Жаратушыны тану арқылы көптеген екі дүние бақытына ие болады, барар мекені жаннат болады.
Дана халқымыздың ілімге байланысты даналық сөздері өте көп. «Ілімсіз адам – шайтанның құралы», – демекші ілімді адам өз қоғамына пайдасын тигізіп, зияннан сақтайды. Бұл айтылған сөздердің бәрі де ілімнің пендеге ауадай қажет екен айтып көрсетеді.
Сондықтан, құрметті бауырлар! Шынайы мұсылманның Алланың үміті мен қорқыныш арасында өмір сүретінін ұмытпайық!Адал мен арамның ара-жігін ажырата аларлық сауатты болайық!
Ілімсіз адам надандығының кесірінен көп қателіктерге бой алдырады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ілімді жоғары қойған, және оны сүннетінің негізіне айналдырып, үмметіне туралықтан айнамас ілім жолын салып кеткен. Олай болса бауырлар, тура жолдан адаспай, ілімімізді кемелдендіріп, нұрландырар Құран мен сүннет сынды тура жолдың қайнар бұлағынан сусындайық!
Арман Урумбаев,
«Иманғали» орталық мешітінің азаншысы
