Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ПАЙҒАМБАР (С.А.С) ШЕЖІРЕСІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Алланың елшісі, басшымыз, жанашырымыз және ақыреттегі шапағатшымыз Мұхаммед (с.а.с) адамзатқа екі дүниеде де бақытты болудың жолын көрсетті. Адам баласын қараңғы түнектен нұр шашқан жарыққа шығарып, тығырықтан құтқарып даңғыл сара жолға салды. Ең кәміл, теңдессіз тұлға Мұхаммедтің  (с.а.с) керемет үлгі-өнегеге толы ғұмырын білу «мен мұсылманмын», «ардақты пайғамбардың үмбетімін» деген әрбір кісіге қасиетті міндет. Кез келген мұсылман Алла елшісінің (с.а.с.) Абдулланың ұлы егендігін, құрайыштық, хашимилік және Меккеден Мәдинаға қоныс аударғандығын білуі қажет.[1] Сондықтан, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с) текті, таза, құрметті ата-бабаларын білуден бастағанымыз жөн болар.

Пайғамбарымыздың арғы атасы «Улул-Ағзам» деп аталған ұлы пайғамбарлардың бірі Хазіреті Ибраһим екендігінде дау жоқ. Ибраһим түсінде көрген аян арқылы ұлы Исмайлды (а.с.) құрбандыққа шалмақшы болды. Алла Тағала оның шынайы ықыласын қабыл етіп Исмайлдың (а.с.) орнына құрбандыққа қошқар түсірді. Исмайл (а.с.) мен Ажар Меккені мекен етіп жүрген кезде Хазіреті Ибраһим Кенан аймағында өмір сүретін. Кейінірек Ибраһим Меккеге келіп ұлы Исмайлмен (а.с.) бірге күллі мұсылманның құбыласы Қағбаны салады. Бұл оқиға Құран Кәрімде былай баяндалады: «Раббым, Ибраһим мен Исмайл (а.с.) Қағбаның іргетасын қалап қабырғасын көтерген кезде «біздің ниетімізді қабыл ет еш күмәнсіз сен есітуші және толық білушісінің. Екеуімізді өзіңе бойсұнған құлдардан қыл. Өрбіген ұрпақтарымыздан да өзіңе мойынсұнатын үммет шығар әрі құлшылық амалдарымызды көрсетіп тәубелерімізді қабыл ет. Әлбетте, сен тәубені қабыл етуші мейірімдісің. Раббым, ұрпақтарымыздың өз ішінен оларға аяттарыңды оқитын, кітапты әрі үкімді үйретіп, оларды жамандықтан арылтатын бір елші жібергейсің, күдіксіз аса үстем өте данасың деп жалбарынды».[2] Ибраһим пайғамбардың бұл дұғасы қабыл болып, ұлы Исмайл (а.с.) және оның ұрпағынан пайғамбар шығады. Ғалымдар Исмайлдың (а.с.) ұрпағынан бір-ақ Пайғамбар келгендігін айтады. Ол – біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.).

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла Тағала Ибраһим ұлдарынан Исмайлды (а.с.), Исмайл (а.с.) ұлдарынан Бәни Кинананы, одан Құрайшты одан Хашимды олардың арасынанда мені таңдады»[3], – деді. «Мен екі құрбанның ұлымын: Исмайлдың (а.с.) және Абдулланың» дегені де бар.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) мінберге көтеріліп: «Мен кіммін?» деп сұрады. Сахабалар: «Сен Алланың елшісісің. Алланың есендігі мен сәлемі саған болсын» деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен Мұхаммед бин Абдулла бин Абдумуталиппін. Алла адамзатты жаратты және оларды екі топқа бөлді, мені жақсы топқа қосты. Сосын ол топты руларға айырды. Мені тағы да ең жақсы руға қосты. Одан кейін руларды отбасына бөлді. Мені ең жақсы отбасыға кіргізді. Содан кейін мені бұл әулеттің ең игісі қылды»[4], – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хазіреті Ибраһимның ұлы Исмайлдың (а.с.) ұрпағынан келгендігі үшін «исмаилидтер» деп аталған және екі үлкен Араб буынының бірі болған Аднанилерге телінеді (Араб-ы мустағриба). Арғы ата-бабаларының тізбегі жиырма бірінші атасы Аднанға дейін сенімді түрде саналады. Бұл тізбек Пайғамбарымыздың (с.а.с.) нұсқауымен таралған.[5] Аднаннан Исмайлға (а.с.) дейінгі аралықта кей деректерде тоғыз, басқа біреулерінде жиырма, өзге риуаяттарда қырық ата өткендігі айтылады. Алайда, ғалымдар Аднаннан ары қарай Исмайл (а.с.) пайғамбарға дейінгі аралықта өткен аталарының аттары мен сандары туралы мәліметтерге күмәнмен қараған. Тіпті, кейбір шежіре ғалымдары Аднаннан Исмайл (а.с.) пайғамбарға дейінгі бабаларын былай қойғанда Адам атаға шейін тізбектеп аттарын атаған. Бірақ көпшілік ғалымдар бұған сеніммен қарамаған.

Сондықтан, біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі тарапынан құпталып, ғалымдарымыздың бір ауыздан растаған, бүкіл Ислам әдебиеттеріне таралған ең сенімді шежіресін беріп отырмыз: «Мұхаммед бин Абдулла бин Абдумутталиб (Шайба) бин Хишам бин Абдулманаб бин Қусай бин Қиләб бин Мурра бин Қағб бин Луһәй бин Ғалиб (Құрайш) бин Фиһр бин Малик бин Надыр бин Кинана бин Хузайма бин Мудрика бин Илияс бин Мудар бин Низар бин Мағад бин Аднан»[6].

Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Менің Адам (а.с.) атадан бастап, әке-шешеме дейінгі аралықта өткен ата-аналарымның барлығы адал некемен қосылған. Мен сіздерден кісілік жөнінен де тектілік тұрғысынан да ең қайырлыларыңмын», [7] – деген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) апалары ішіндегі мына жайттарға да тоқтала кетейік. Олардың арасында Фатималар (Фауатим) бесеу болған. Біреуі құрайыштық, екеуі қайыстық, ал екеуі Йемендік. Ал енді Атиқаларға келер болсақ, бұлар он екі кісі. Екеуі Құрайыш, біреуі Надир, үшеуі Сүлейм, екеуі Адауя, біреуі Хузейм, екеуі Құзалы, біреуі Әсад руынан. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жиырма апасы туралы жазылған еңбек те бар.[8]

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (а.с.) ата-бабаларының ерекшеліктері мен сипаттары:

  1. Аднан, екі бауыры бар. Нәбәт және Амир.
  2. Мағад – Иса (а.с.) пайғамбармен бір ғасырда өмір сүрген. Қағба қызметкері болған.
  3. Низар «аз ғана» деген мағынаны білдіреді. Атының былай болу себебі дүниеге келген баласына қуанған Мағад ел-жұртты жинап ұлан-асыр той жасап, «бұл менің ұлым үшін өте аз» дейді. Осылайша баласы Низар аталады. Күниясы[9] – Әби Ийт.
  4. Мұдар.
  5. Илияс. Илиястың күниясы – Абу Амир.
  6. Мудрика. Шын аты Амир. Шапшаң қозғалып, қатты жүгіретіндіктен, тіпті қашқан қоянды қуып жеткендіктен Амирге Мудрика деген ат берілген. Күниясы – Абу Хузайл.
  7. Хузейма. Күниясы – Абу Әсәд.
  8. Кинана. Күниясы – Абу Надыр.
  9. Надыр. Шын аты Қайс. «Надыр» деп аталуының себебі – өте келбетті болғандықтан. Күниясы: Абу Яхлут.
  10. Малик. Күниясы – Абу Харис.
  11. Фиһр. Күниясы – Абу Ғалиб.
  12. Ғалиб. Ғалиб өзіне ерген халықты ұйыстыра алғандықтан, бәрін бірлікке шақыра білгендіктен «Құрайыш»аталған. «Құрайыш» руының атауы осы кісіден бастау алады. Күниясы – Абу Тайм.
  13. Луһай. Күниясы – Абу Кағб.
  14. Кағб. Күнясы – Абу Хусайс. Оның жұма күндері құтпа айтқандығы белгілі. Ол бір сөзінде өз ұрпағынан бір пайғамбар келетіндігін айтып, кімде-кім сол заманда өмір сүрсе оған иман етсін деген. Кағб араптар үшін аса құрметті кісі болатын. Сол себептен де Фил оқиғасына дейін оның өлім уақыты жыл санауының басы болып келген.
  15. Мурра. Күниясы – Абу Яқаза.
  16. Килаб. Күниясы – Абу Зуһра. Саудагер болған. Керуенмен әртүрлі аймаққа сапар шегетін. Палестинадан қыз алғандығы белгілі. «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) анасы Аминаның ата-тегі де осы кісіден тарайды».
  17. Қусай. Шын аты – Зайд. Күниясы – Абу Муғира. Қусай өзінің туған туыстарынан жырақта өскенігі үшін «ұзақ, алыс» деген мағына беретін Қусай деген атқа ие болған. Ол атақты «Дарун-Надуаның» іргетасын қалап, оның өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан. Қағбаға келген қажыларға қызмет көрсету үшін елден салық жинаған. Меккеде ағаш кесуге тыйым салған. Жасыл желектерді қамқорға алған. Тастан үй салған. Арабтар Қусайды қатты құрметтеп, кез келген істе ақылдасатын. «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жан жары Хадиша анамыздың аталары осы кісіде түйіседі».
  18. Абдулманап. Шын аты – Муғира. Күниясы – Абу Абдушамс. Өзінің беделімен танылған. Келбетті келгендіктен оған «Ай» деген ат берген. Анасы оны босанған кезде ғибадат мақсатында «Манап» пұтына барғандығы үшін Абдулманап аталған. Ол Иран, Византия басшыларымен келісіп, сол өлкелерде емін-еркін сауда-саттық жасауға мүмкіншілік алған.
  19. Хашим. Шын аты – Амыр. Күниясы – Абу Надлах. «Хашим» деп аталу себебі – Меккеде қауымына нан үгітіп таратқандығы үшін «үгітуші», яғни Хашим деп атаған. Жиырма жасында Ғаззада дүниеден өткен.
  20.  Абдумутталип. Шын аты – Шайба. Күниясы – Абу Харис. Дүниеге келген кезде шаштары ақ болып туғандықтан Шайба деп атаған. Ал «Абдуматталип» деп аталуы себебі – ағасы Мутталип оны нағашыларының қолынан алып келіп, Меккеге кірген кезде халық «бұл кім» деп сұрған еді, сол кезде ол халыққа «менің құлым» деп жауап береді. Міне, содан кейін Шайба ел арасында «Абдумутталип» аталып кетеді. Оның атақты Фил оқиғасында өз түйелерін даулап, Абрахадан алып қайтқандығын білеміз. Түс көріп, аян алған Абдудамутталип Зәм-зәм құдығының орнын тауып, көзін ашады. Құдықтан шыққан алтын және басқа да қазыналарды жұмсап, Қағбаның есігін әшекейлеген. Ол Меккеде шаштарын және сақалын ең алғаш болып қараға бояған кісі еді. Абдуматталип Хира үңгіріне барып ғибадат ету үрдісін ең алғаш бастаған кісі болатын. Рамазан айында кедей-кепшіктерге ас тарататын. Зәм-зәм құдығын қазу кезінде шыққан жанжалда ұлдарының аз екендігінен қынжылып, «егер он ұлым болса, біреуін құрбандыққа шаламын» деп ант еткен еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сегіз жасына дейін осы кісінің қарамағында болды. Абдуматталип өмірінің соңында көзі көрмей қалады. 120 жасында дүниеден озады.
  21. Абдулла. Күниясы – Абу Ахмад немесе Абу Қусам. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әкесі. Пайғамбарымыз дүниеге келместен бұрын 25 жасында дүниеден өтті. Абдулланың Умму Хаким деген сыңар қарындасы бар еді. Абдулланың Амина анамызбен 18, кей деректерде 24 жасында үйленгендігі айтылады. Абдулла әкесі Абдумутталиптің антына байланысты құрбандыққа шалына жаздап, оның орнына Исаф және Нәфилә пұтына 100 түйе шалып тірі қалады. Амина анамызбен үйленбей тұрғанда Құтайла бинти Науфал және Қасғам руынан Фатима бинти Мурра 100 түйе берем маған үйленші деп жалынған еді. Абдулла екеуіне де қарамай Аминаға үйленеді. Бірақ, 100 түйе берем деген екеуінен кейін еш ілтипат болмай, не себепті екенін сұрағанда олар Абдуллаға: «Сен бойдақ кезде жүзіңде нұр (нубуат нұры) бар еді. Қазір ол жоқ. Сондықтан, саған енді қызығатындай ешбір себеп қалмады», – деген екен. 

Мажен Ернар Қалмаханұлы,
Алматы облысы, Алматы аймағы, Жамбыл ауданының бас имамы,
Ислам тарихы ғылымдарының магистрі.

[1] Умдатул Қари шарх Сахихул Бухари, 11, 243. Дарул фикр. Бадруддин Айни.
[2] Бақара, 127-129.
[3] Муслим, Фарайз, 1, Тирмизи, Манақиб, 1. Ибн Сағд, 1, 20.
[4] Тирмизи, Манақиб, IX, 236.
[5] Ибн Сағд, 1, 56,58.
[6] Ибн Хишам, Сира, Табари, Тарихул Умам уал Мулук, 1, 289.
[7] Хаким, Улумул Хадис, 170-171. Байхаки, Далайлун Нубууа,1 т. 174.
[8] Ибн Хабиб, Уммухатул Наби, Бағдат 1952.
[9] Араб ғұрпы бойынша тұғыш ұлының атымен қойылатын лақаб. Пайғамбарымыз с.а.с ның Хадиша анамыздан дүниеге келген тұңғышы перзенті Қасым болғандықтан Абулқасым деп атаған. Балазури, Ансабул Ашраф, 1т, 396.
 
Жоғарыға