Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бірлігі жарасқан ел озады

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

Ислам діні мүминдерді тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытумен қалып қоймай қоғамның тыныштығын, амандығын қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар сыйлаған. Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты дін бауырластығы шаңырағының астында махаббат пен жүзеге асуын әмір етеді. Қоғамдағы ең үлкен қауіп пікір қайшылықтары, жік-жікке бөлінушілік, бір-біріне бас имеуден туатын анархия болып табылады. Әрбір мұсылманның бүліктен құтылып, пікір қайшылықтарына түспеуі үшін қарабайыр қалауы мен нәпсінің кедергісін бұзатын кәміл пікірге, бауырмалдық сезімге бой алдыруы қажет. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті және хулафа-рашидиннің жолын ұстану арқылы жүзеге асады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Барлығың бірдей Аллаһтың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ Аллаһтың сендерге нәсіп еткен нығметін еске алыңдар. (Өйткені) сендер бір-бірлеріңе дұшпан жандар едіңдер. (Бірақ) Аллаһ жүректеріңді біріктіріп, соның саясында бір-бірлеріңе бауыр болдыңдар», (Али-Имран сүресі-103 аят).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені, шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жаннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан, мұсылмандардан айырылмасын», (Термизи, Ахмад).

Расында, Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі  мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Алла Тағала Құран-Кәрімде былай дейді: «Аллаһқа және Оның Елшісіне бас иіп, бағыныңдар. Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар. (Олай істер болсаңдар) үрейленіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер. Алла Тағала сабырлы жандармен бірге болады»,  (Әнфал сүресі-46 аяты). Ұлы Раббымыз мүміндерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақтың туының астында болуын әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі, адамзат баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамдағы өмір үшін үлкен қауіпті екендігін көрсеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Мүміндердің бір-біріне деген сүйіспеншілікте, бір-біріне деген жанашырлықта және бір-бірін қорғауда бір денеге ұқсайды. Дененің кез келген ағзасы ауырғанда, өзге ағзалар да ұйқысыздыққа тап болады. Қызуы көтеріледі», (Бұхари, Мүслим).

Алла Елшісі (с.ғ.с) бірлік пен ынтымаққа  қандай да бір сызат түспеу үшін қоғамдағы мұнафықтарды біліп тұрып олардың аттарын  Хұзайфадан (р.а.) өзге ешкімге айтпаған. Оларға өмір бойы жақсы мәміле жасап отырған. Күллі машақаттарына шыдай білген. Тіпті, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабасы Хазіреті Омардың (р.а.) өзі мұнафықтардың кім екендігін білмейтін. Ол Хазіреті Хұзайфаны (р.а.) өмір бойы аңдып өткен. Егер Хұзайфа дүние салған кісінің жаназасына қатыспаса, оның мұнафықтардан екенін аңғарып өзі де қатыспайтын. Сонымен қатар, мұсылмандардың күнде бес уақыт жамағаттармен намаз оқуы арамыздағы қарым-қатынастың беріктігін, мықтылығын көрсетері хақ. Алла Тағала намаз, зекет, қажылық, құрбандық секілді құлшылықтарда мұсылмандарды рухани тұрғыдан ынтымақта болуға дайындайды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Намазды толық оқыңдар. Зекетті толығымен өтеңдер. Әрі Аллаһқа рұкуғ еткендермен (тізе бүккендермен) бірге, рұкуғ етіңдер», (Бақара сүресі, 43-аят). Алла Елшісі (с.ғ.с) үмбетінің бірлігі мен ынтымағын намаз саптарынан бастаған болатын. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Саптарыңды түзу ұстаңдар. Иықтарыңды бір сызыққа келтіріңдер. Арадағы қашықтықты қысқартыңдар. Сапты түзеу үшін қолдарыңнан тартқан бауырларыңа жұмсақтық танытыңдар. Араларыңда шайтан кіретін бос орын қалдырмаңдар. Аллаһ саптарын иін тіресе ұстағандарың көңілін хош етеді. Саптарын иін тіресе ұстамағандарға  Аллаһ нығметтерін нәсіп етпейді»(Әбу Дәуіт, Салат 93/666).

Намазда саптар иін тіресіп түзу тұрмаса мүминдер арасындағы гармония, низам, бірлік және ынтымақ жоғалады. Бір еуропалық елші Венгрияда жұма намазын оқу үшін тоқтаған Осман империясының әскерін көреді. Олардың шын пейілімен жұма намазын оқып жатқанын байқап, қайран қалып: «Түп-түзу саптар түзеген елу мың кісі имамның бір сөзімен қол байлайды. Барлығы бір денеге айналады. Артынша тек бір-ақ сөзбен елу мың кісі бірдей Алла Тағалаға сәжде жасайды. Мынадай орасан зор көпшілікке бейшара христиан әскері қалай қарсы шыға алсын?» - деп айтқан екен.

Алла Тағала былай дейді: «Күмәнсіз Алла, өз жолында (кірпіштері) берік қаланған ғимарат секілді сап түзеп соғысқандарды жақсы көреді», (Саф сүресі, 4-аят).  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанына сүйенсек, мүминдердің Алланың дінін қатты ұстанып, бір-бірінен ажырамаулары Алла Тағаланы разы қылатын амал екенін айтқан. Сонымен қатар бір кісінің мұсылман жамағатында болуы, оның ішкі жан дүниесінің таза, пәк екендігін көрсетеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Ислам жамағатынан ұзақтап, қоғамнан бөлек өмір сүріп өлуді, «мұсылманша өмір сүрмей басы бос, уақыт өткізіп өлген қарабайыр надан дәуірдің адамының» халіне ұқсатқан, (Мүслим, Имара 53,54; Ахмад II, 306).  Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ тұрып, бір-бірінен ажырап қалса Алла Тағаланың сүйіспеншілігінен мақұрым болады. Әрі күш–қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның қазіргі таңда мысалы көп. Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды: «Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар. Міне соларға үлкен азап бар» деп ескерту жасаған. (Әли Имран сүресі, 105-аят).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «қоштасу қажылығында», тіпті өмірінің соңғы күндерінде үмбетіне көптеген ескертулер жасады. Солардың бірі, өзі бақилық болғаннан кейін бөлінушілікке бой алдырып, бір-бірімен соғыспаулары еді. Өйткені, бірлікте мейірімділік пен береке бар. Сондықтан, өзара бөлінушілікке жол бермейік құрметті бауырлар. Алла Тағала баршамызды бір дін, бір мәзһаб аясында бірігуді нәсіп етсін. Бірлік-қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік бәлекеттің, апаттың көзі. Алла Тағала ынтымақ бірлігімізден айырмасын. Еліміздің еңсесі биік, дініміздің діңгегі берік болсын. Әмин!

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,

 

Жылыой орталық мешітінің ұстазы. 

Жоғарыға