Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Жақсылыққа шақырудың сауабы қандай?

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» дейді.

Демек, жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін болуы керек. Егер, қоғамда жамандықтан тыяр тұлғалар жоқ болса, ондай қоғамның құлдырауы заңды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қайсыбіреуің Алла риза болмайтын бір іс-әрекет көріп қалсаң, оны қолыңмен түзет. Егер, бұл оған әсер етпесе, онда тіліңмен бұл әрекеттің дұрыс еместігін түсіндір. Егер, кімде-кім қолымен немесе тілімен ештеңе істей алмаса, онда ол іштей бұл әрекетті мақұлдамасын. Имандылардың ең әлсіз ісі – осы» деп айтқан. Бұл хадиске түсінік берген кейбір ғұламалар: «Жамандықты қолмен тыйып, тілмен түсіндіру – ғалымдарға тиісті, ал ділмен қарсы болу – жай мұсылмандарға (адамдарға) тән»,–десе, басқа бір ғалымдар: «Кім болғанына қарамай, қандайда бір жамандықты болдырмау үшін қолдан келгенінше әрекет ету – әр адамға уәжіп» дейді.

Бұл орайда Алла Тағала Құран Кәрімде: «...Жақсылыққа, тақуалыққа     жәрдемдесіңдер.  Күнәға  және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» деп ескертеді. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, сол адам жер бетіндегі Алланың, Кітабының және Расулының халифасы» деп, Алланың өзінің жер бетіндегі халифасы етіп жаратқан адамның осы ұлық дәрежеге лайық болу міндетін айтады. Бұл – біздің Алланың разылығына бөленуімізге септігін тигізетін аса маңызды себеп. Бұған дәлел ретінде мына бір хадисті де келтіруге болады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан: «Адамдардың ең жақсысы кім?» деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі» деп жауап берген. Бұл істің маңыздылығына байланысты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың арасында олардың азаптарына көніп, олармен бірге болған, олардың ыстығына күйіп, суығына тоңған мұсылман олардан оқшау тұрып қиындықтарына төзе алмаған мұсылманнан артық мол сауап алады» дейді. Бұл хадистен түсінгеніміздей, жамандықтың кең етек жайып, қоғамның әбден шіруге жақын қалған кезінде құлшылық етуден артық іс – осы жақсылықты жаю ісі. Егер, бұл қасиетті міндет басқа құлшылықтардан артық болмағанда, Алланың Елшісі үйінен шықпай, үнемі Алладан келген нұрлы шағылдардан ләззат алып отырар еді. Алайда, бұл жауапты міндет болғандықтан, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді  насихаттаумен болды. Бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с) «дін – насихат» деп үгітсіз діннің болмайтынын айтқан-ды. Айтып қана қоймай, бүтін болмысымен дәлелдеп, іс жүзінде көрсете білді.

Анас ибн Мәліктен жеткен риуаятта, біреулер Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұрапты: «Уа, Расулаллаһ, өзіміз жақсылық жасамай тұрып, өзгені жақсылыққа тартпайық, өзіміз барша жамандықтан құтыла алмай тұрып, басқаларға жамандық істеме демейік. Сонда бұл  дұрыс бола ма?

– Жақсылықтың түрі көп, жақсылықтың бәрін жасап шығуға үлгермейсің, олай болса, жақсылық жасап жатқан кезде жақсылыққа үндей бер, өзің жамандықтың барлығынан құтылмаған болсаң да, басқаларды жамандықтан қайтаруға тырыс».

Бұрынғы өткен ізгілер балаларына мынадай өсиет айтатын: «Араларыңда кімде-кім адамдарға жақсылық жасау және жамандықтан бас тарту керектігін айтпақшы болса, алдымен өз нәпсісін сабырмен қаруландырып алсын. Және бұл әрекеттерінің сауабын Алладан күтсін. Кімге Алла беретін сауап нәсіп болса, онда ол адам басқалардың тарапынан болатын теріс жауаптардың                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 ащылығын сезбейтін болады».

Ералы ҚАМЗАҒАЛИЕВ,

 «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы.

Индер ауданы.

Жоғарыға