Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мұсылманның азығы - адал асы

Әлемдердің Раббысы – Аллаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (), оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» (Бақара сүресі-168) деп бұйырады. Демек, шариғат үкімі бойынша мұсылман баласы Алла бұйырған тағаммен қоректенуі керек.

Өйткені, Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді. Ендеше, ахиреттен үміті бар адам аятта айтылған харамнан аулақ болғаны абзал. Атақты ғұлама хафиз Ибн Касир хадистер мен шариғат үкіміне сүйене отырып: «Харам етілген дүниелермен тамақтану дұға мен ғибадаттың қабыл болмауына әкеліп соқтырады» депті. Сол себепті, қазіргі таңда бізге халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет. Мұның сыртында халал, яки харам екені күмәнді тағам мен тұтынатын заттар да баршылық. 

Нұғман ибн Бәширден (р.а) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында, ненің халал, ненің харам екені анық. Алайда, осы екеуінің ортасында адамдардың көбі не адал, не харам екенін жете біле бермейтін күмәнді нәрселер де бар. Ендеше, кімде-кім осындай күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаса, діні мен ар-намысын кірлетпей сақтап қалады. Ал, күмәнді нәрселердің шырмауынан шыға алмаған адам бейне бір қорықтың маңында мал бағып жүрген бақташыға ұқсайды. Бақташының малы сәл қалса қорыққа кіріп кететіні секілді, ол да харамға қалай кіріп кеткенін байқамай қалады. Расында, әр патшаның ешбір жанға аяқ басқызбайтын қорығы болады. Аллаһтың қорығы-харам қылғандары. Шындығында, денеде бір кесек ет бер. Егер сол ет сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол - жүрек» деп айтқанын естідім», - деген (Бұқари, иман 39, Муслим, Мусақат 107).

Бұл хадис халалға шақырудың, харамнан аулақ болудың және шүбәлі нәрселерден бас тартып, дін мен абыройды сақтау бірінші кезектегі амалдардың бірі екенін айтуда. Сондай-ақ, адамда жаман пікір тудыратын және сақтануды керек ететін нәрсеге ұстамдылық көрсету қажеттігін қаперге салады.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  Сағыд ибн Муазды (р.а.) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жауапқа сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді (Әбу Дәуіт, Бую, 1). Сондықтан, мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені, ең бастысы адалға ниетті болғандықтан, қандай төменгі жұмысты істесе де, Алла Тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.

Ал, адал кәсіп жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына да адал кәсіп етудің маңыздылығын үнемі айтып, түсіндіріп отырған. Сол заманнан бізге жеткен ғибраты мол бір оқиға мынандай. Бір күні мешітке үсті басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып айтады. Ол әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», - деп сұрайды. Ғаріп «Иә» деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға барып тұр», - дейді. Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын қылықтың ең бастысы – жалқаулық. Ал, ол адамды ар-намысын жоғалтатын жағдайға итермелейді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті дұға – адал кәсіп ету.

Бұл орайда атақты Лұқпан хакім өз баласына мынандай өсиет қалдырған екен. «Ұлым, адал кәсіп етіп, жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

- Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді.

- Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.

- Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».

Хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) басынан мынадай бір оқиға өткен екен.
Ол үнемі алдына қойылған астың адалдығына көз жеткізіп барып ішетін. Бір жолы алдына сүт қойылғанда, сұрамастан бір-екі ұрттайды. Сөйтті де әлдене есіне түскендей жанында тұрған кісіге бұрылып: «Қу аштықтың алды-артыма қаратпағанын қарашы, сен бұл тамақты қайдан әкеліп едің?», – деп сұрады. Қызметшісі кезінде біреуге бал ашып, көріпкелдік жасағанын, соның ақысын енді алғанын айтқанда, хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.) өңі сол мезет өзгеріп кетті. Бойы қалтырап, қатты қорқып кеткені байқалды. Далаға атып шығып, саусағын дереу тамағына жүгіртті. Бір қызарып, бір көгеріп қинала отырып, ішіндегіні түгел ақтарып тастады. Сөйтті де: «Уа, Раббым! Қаныма сіңіп, тамырыма тарап кеткендер болса, өзің кешіре гөр!», – деп жалбарынды. «Неге мұнша өзіңізді қинадыңыз?» деп сұраған қызметшісіне: «Ардақты пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір түйір болса да харам ас жесе, ақыретте тозақта тазартылады»,
 – дегенін естіген едім», – деп жауап қатты (Бұхари, Мәнақибул-ансар, 26).

Хазіреті Омар (р.а.) да: «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр» - деп ризығын іздеместен отырмасын» деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен. Ал енді мұсылмандардың мәртебелі міндеттері мен парыздарының ең ізгілері адал жолмен тапқан таза киімді кию, адал жеп, ішу, ілімді үйренуге ұмтылу, бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру, жетімнің малын жемеу, адал кәсіп ету, отбасын адал кәсіп етіп, адал өмір сүруге тәрбиелеу.

Болашақ ұрпағыңыздың өмірі – сіздің халал ризық тауып жеп, адал өмір сүруіңізге тікелей байланысты. Ендеше, «Алланың жібінен берік ұстап» халал еткенге жақын, харам еткенге қашық болайық.

 

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,

 «Жылыой мұсылмандар» орталық мешітінің ұстазы.

Жоғарыға