Құранға қатысты әдептерді білеміз бе?
Күллі мадақ пен мақтау да жақсылық пен шарапат иесі,жоқтан жаратқан жалғыз ЖаратушыАлла Тағалаға тән. Һәм оның соңғы елшісі Мұхаммедке, оның әулетіне және сахабаларына салауат пен сәлем жолдаймыз.
Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Үмбетіме бір заман келеді. Құранбасқа қойнауда,үмбетім басқа қойнауда болады» деп айтқан сол заман өтіп,асыл дінімізбен қайта қауышуымыз үлкен жақсылық. Құранды қолына алған немесе оқып отырған адам оның қасиеті мен құндылығын бағалап, тиісінше құрмет көрсетіп, әдеп сақтауы керек. Ислам ғұламалары ескерген сол әдептердің бірнешеуіне тоқталып өтейік.
Асылында, Құранның оқылуының өзі құлшылық. Біріншіден, Құранды дәретті кезде ғана қолға алып,дәретті кезде ғана оқу керек. Екіншіден, оқымас бұрын тісті мисуакпен тазалау керек. Үшіншіден, еш нәрсеге сүйенбей оқу және бет-жүзді Құбылаға бұрып отыру қажет. Төртіншіден, оқымас бұрын «Әғуузү билләһи мина щщайтанир раджим» мен «Бисмилля» сөзін айтып бастау. Бесіншіден, оқуды бастағаннан кейін аса қажеттілік туындамаса,әңгімеге алаңдап,оны тоқтатпау. Алтыншыдан, Құранның әр әрпін анық айтып,байыппен асықпай оқу. Жетіншіден, Алланың рақымы жайлы аяттарды оқығанда тоқтап,Алладан рақым тілеу.
Сонымен бірге, Алланың жазасы жайлы оқығанда тоқтап, Алладан жазадан құтқаруды тілеу, бұрынғы заманның адамдары мен халықтары жайлы хикаялар келгенде,ойланып,өзіңе сабақ алу үшін тоқтау, Құранды ашық қалдырып кетпеу, Құран оқып болған соң көпшілікпен дұға жасау сынды қарапайым әдептерді сақтаған жөн.
Қазір халқымызда мешітке келіп Құран оқыту үрдісі әдетке айналып келеді. Бұл да болса,Жаратқаннан қасиетті Құран арқылы пана сұрау, һәм дүниелік, ақиреттік қажеттіліктеріне жәрдем тілеужолындағы жақсылық нышаны деп түсінеміз.ӘрдайымЖаратқан ие жар болып,Құранның шапағатына бөленгендерден болуға нәсіп еткей!
Құраш РЫСПАЕВ,
Жарсуат ауылдық мешіті имамы.