Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Нығметтің қадірі

Аса Қамқор,Ерекше Мейірімді, әлемдердің Раббысы, мұңсыз, мұқтажсыз, кемшіліктен пәк болған, ризық беруші, Раббымыз Аллаға мақтаулар болсын. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедкесансыз салауаттар болсын.

Алла Тағалла адамзатты жоғары деңгейде жаратты. Оған сансыз нығметтерді, сарқылмас жақсылықтарды нәсіп етті. Және де сол нығметтер мен жақсылықтар арқылы оны басқа жаратылған мақұлықаттардан  абзал етті. Егер пенде шүкір етсе, оған нығметтерін арттыратындығын уәде етіп, бойұсынса олардың жалғастығы мен бақилығына кепілдік берді. Құранда Алла Тағала:  «..Егер шүкір етсеңдер, оны арттыра беремін», – дейді.

Жер мен көкті, тау мен тасты, өзен мен көлді, көшетін ауыр бұлттарды, жан-жануар, өсімдік әлемі,жарық жұлдыздарды жаратқан Раббымызға сансыз шүкір.Жер бетіндегі түрлі жаратылыстар адам баласының қызметіне жаратылған және Алланың адамзатқа берген есепсіз сыйы. Бұның бәрі біз есебіне жете алмайтын, ақыл-парасатымыздың жүйесіне сыймайтын үлкен нығмет. Алла Тағала адамзат баласына мейірімі шексіз. Алла мұсылмандарды сүйеді.

Адам ақыл иесі, таза мәдениет пен ар-намыстың, көрегенділік пен қарапайымдылықтың бір формада ұштасқан көрінісі. Алла бізге көп нығмет берді. Сол нығметтерді көруіміз үшін көз берді, сезуіміз үшін сезім, білуіміз үшін ақыл берді. Қасиетті кітабымызда «Улул-әлбаб» яғни «Ақыл иелері» деп бізді меңзеген. Кейде пендешілікпен, әр-түрлі өмір сынақтарына налып, Раббымыздың берген нығметтерін ұмытып кетіп жатамыз. «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз».[3] Аллаға шүкір етудің тағы бір көрінісі – нығметтерді тілмен айту. «Раббыңның ниғметтерін ойла, (адамдарға) түсіндір».Қолыңызда еш дүниеңіз қалмай, қиыншылыққа ұшырап қалған күннің өзінде, өз-өзіңізге есеп беріп, менен де жағдайы төмен адам бар ғой деп, сабыр қылу да үлкен нығмет. Яғни, сіз еш мүмкіндіксіз қалсаңыз да, аман-есен өмірде барсыз. Демек, сізге шегінуден гөрі үміттену сипаты қажет болмақ. Алладан үміт етіп қажетіңізді сұраңыз. Расымен, бір жұтым судың қадірін де, қатты шөлдеп, су таппай қалған сәтте түсінеміз.               

          «Денсаулық зор байлық» деп, нығметтің қадіріне жете білген бабалар сөзінде асқан ғибрат жатыр. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің, отыз тістің қадірін қақсағанда білесің, екі аяқтың қадірін ақсағанда білесің» деп, қазақ халқы әр нәрсенің қадіріне жетуді мұрат еткен.

          Имам Байһаки  «Шуабул-иман» кітабында Нуман ибн Баширден келген хадисте Алла Елшісі ﷺ ; «Алланың нығметтерін айту шүкіршілік, ал, оны ұмыту күпірлік» деген. Ендеше, Алла баршамызды уақыт жақсы істермен безендіріп, нығметтің қадіріне жететін ізгі құлдардан етсін!!!

Ардақ ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

          Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің Бас имамы,

 Атырау қаласы, Жұлдыз елдімекені. 

Жоғарыға