Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

ҚАСИЕТ ПЕН ҚҰТҚА ТОЛЫ БЕРЕКЕЛІ АЙ БОЛСЫН

Бисмилләхир Рахманир Рахим! Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі уақыт.

Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып немесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады.

Салман Фарси (р.а.) айтады: «Расулалла (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге әсерлі уағыз айтты: «Сендерге өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ Тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ Тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді».

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан, Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құдіреті күшті Алла Тағаланың мына сөзін жеткізді: «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер біреу тіл тигізіп не өзімен төбелеспек болса, оған: – Аузым берік! – деп ескертсін». (Муслим)

Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың небір ми қайнатар аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін небір қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытады.Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да, оның қарымын, яғни сауабын Өзім беремін» деген. (Бұхари).

Күн батысымен азан оқылған сәтте ораза ұстағанның жан дүниесінде құдды бір ғажайып мейрам басталғандай болады.  Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады».

Рамазан - қайырым мен мейірім айы. Аузы берік адам бұл айда күнделікті азығына, ас-тамағына ақшасы жетпейтін кедей-кепшіктің жағдайына түсіп, олардың хәлін мейлінше түсінеді. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп  хәкім Абай  дөп басқан емес пе?! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген қазақтың қанатты сөзінде де ғибрат мол. Рамазан - барша адамзатты  жақындастыратын ай. Бай мен кедейді, патша мен пақырды теңестіретін ораза адамдардың Алла алдында бірдей екенін сезіндіреді. Алла Тағала баршамыздың екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Рамазан бойы жасалған құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын Жаратушы Иемізден тілейміз.  Рамазаннан Рамазанға  дейін тақуалығымызды жалғастырып, амандықпен, имандылықпен, жақсылықпен жете берейік! Мұратымыз асыл, иманымыз кәміл болғай! Әумин!

А. ИСАЕВ,

«Жылыой Мұсылмандар»

Жылыой аудандық мешітінің бас имамы. 

Жоғарыға