Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

РАМАЗАН БЕРЕКЕГЕ ТОЛЫ АЙ

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ережеп айы кіргенде: «Уа, Алла Тағала! Бізге ережеп пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!», – деп дұға тілейді екен. Бұл дұғаны Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына және біздерге үйретіп қалдырған. Аллаға шүкір, міне аман-есен айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айына да жеттік. Дәлірек айтқанда, үстіміздегі 17-мамыр күні Рамазан айы басталады. Биылғы ораза 29 күнге жалғасады. Алла Тағала былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят).

Шағбан айының соңғы күнінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді».

Рамазан – әлем мұсылмандарының сағына күтіп, қимай қоштасатын айы. Өйткені, адам баласының тәнін тазартып, жан-дүниесін тәрбиелейтін ораза құлшылығы осы айда Раббымыз тарапынан парыз етілген. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін, ақ пен қараны, сауап пен күнәнің парқын көрсететін Құран кітабы осы айда түсірілген. Сондықтан, бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмайды, сауабы еселенеді. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын...» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары кешіріледі», – деген.

Алланың әміріне итағат еткен барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бойын алыстатады және сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді. Тіпті адамдар өзара бірлікке және бір тәртіпке үйренісіп, теңдік пен әділдікті жақсы көреді. Өзара мейірімділік көрсетіп, барлық күнә атаулыдан сақтанады. Бір сөзбен айтқанда ораза адам баласын сабырға үйретіп, жақсылыққа тәрбиелей түседі. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін».

Ораза ұстаған адамға ең алдымен ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану парыз болып табылады. Оразаның күнделікті уақыты таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралықта жалғасады. Алла Тағала былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят).

Оразаның негізгі шарттары мұсылман болу, балиғат жасына толған әрі ақыл-есі түзу болу және ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу. Иә, ораза ұстау  мұсылмандарға парыз. Ал, бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Сондай-ақ, науқас немесе жолаушыларға да ораза парыз емес. Алайда ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасының қазасын өтейді. Құранда бұл жөнінде былай делінеді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» («Бақара» сүресі, 184-аят).

Ораза ұстаған адамға мына нәрселерді жасау жақсы іс болып табылады. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда былай дейді: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар». Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», – деп айтқан. Ауызды құрма немесе сумен ашу – пайғамбар сүннеті.

Бұл рамазан мүмін-мұсылмандарды өзара жақсылық жасауға жарыстыратын, сауап істерде өнеге болуға үндейтін ұлық ай. Қолынан келгенше сауабы мол айды уысынан жіберіп алмаған жөн. «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жеуден бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі – оразасын ашқанда, ал екіншісі – Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық».

Рамазан айына тиесілі құлышылықтың бірі әрі сауапты амал тарауих намазы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,– деген.

Қасиетті рамазан – Құран айы. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді...», – деп сүйіншілейді. Рамазан айының қадірін арттыратын кештің бірі – ол Қадір түні. Өйткені бұл түн мың айдан да қайырлы. Ол түннің қасиетін бағалап, құлшылық және дұға-тілектермен өткізу қажет. Сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.): «Алланың Елшісі Рамазан келгенде (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтқан. Биылғы маусым айының 11-нен 12-не қараған кеш – қасиетті Қадір түні.

Демек, рамазан айында ораза ұстаумен қатар, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлу қажет. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру сауап амал болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарга шақырып тамақ берген – ораза ұстаган адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Ораза ұстаған адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп айтқан. Және де аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, білім алумен, Құран оқумен, Алланы ұлықтаумен, салауат айтумен өткізу керек. Ораза ұстаушыға әкелер пайдаларына келсек...

Оразаның денсаулыққа пайдасы:

1.Асқазанды тазартады;

2.Дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады;

3.Бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.

Рухани пайдаларына келсек:

1.Тақуалық;

2.Сабырлық;

3.Көркем мінез-құлық;

4.Уақытты жүйелеу.

Оразаны бұзатын нәрселер:

1.Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынаста болу.

2.Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту;

3.Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту.

Оразаны бұзбайтын нәрселер

1.Ұмытып ішіп-жеу;

2.Қан алдыру;

3.Ауыз, мұрынды шаю;

4.Шомылу, төбеден су құйынып жуыныу;

5.Бой дәретсіз (ғұсылсыз) таң аттыру;

6.Еріксіз құсу;

7.Көзге сүрме жағу;

8.Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру;

9.Түкірік жұту;

10.Тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.

Оразаның қасиеттері жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан»; «Кім Алланың разылығы жолында бір күн ораза ұстаса, оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады».

Міне, рамазан айы осындай қадір-қасиетімен ерекшеленген. Тіпті, ораза ұстаушының жасаған дұғасы да қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда жасаған дұғасы қайтарылмайды»,– деген.  

Еске салайық, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны кісі басына 300 теңгеге бекітті. Пiтiр-садақа рамазан айының басынан айт намазына дейiн беруге болады. 15-маусым Ораза айт мейрамы. Атырау облысы бойынша Ораза айт намазы таңғы сағат 07.00-де оқылады. Көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, еліміз бен отбасымыздың есендігі үшін дұға жасайық, ағайын.

Батыржан МАНСҰРОВ

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

 

 

Оразаға ниет ету дұғасы

Алла разылығы үшін қасиетті рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім.

Ауызашар дұғасы

 

Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!

Жоғарыға