Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әр қазақ менің жалғызым...

 

          Мақаламыздың тақырыбына негіз болып отырған «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген өлең жолдарын қазақтың белгілі ақыны Сабыр Адай өсиет етіп кеткен.  Адамзат баласын бірлікке үндеген Алла Тағаланың әмірі және бауырды сүюді өз үмметіне аманат еткен Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінің өнегесі де осы мәселеге келіп тіреледі.

 

          Бабалар тарихына зер салсақ,  халқымыздың имандылыққа ерекше көңіл бөліп, оны ұлттық тәрбиенің негізіне айналдырғанын байқаймыз. Қазақ халқының алдына келсе атасының құнын кешірген кешірімшілдігі, жазатайым жаза басса, ат-шапан айыбын беріп татулықты қымбат көрген кішіпейілдігілігі,  жолда аты арып, тарыққан  жолаушыға астына мінген атын түсіп берген мәрттігі, топқа кіріп сөз, атқа мініп қол бастап, елін, жерін, қара қазан сары баласына пана болуды арман еткен бауырмалдығы дейміз бе, осының барлығы – халқымыздың бойына біткен Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезінің үлгісі.

          Өйткені, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінің қайнар көзі Құран – бүкіл адамзат баласын татулыққа, бауырмалдыққа үндейтін дін. «Әй, адам баласы! Шүбәсіз біз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттармен ұлыстарға бөлдік. Расында, Алла алдында ең абыройлыларың  тақуаларың  (Алладан шынайы түрде қорыққандарың). Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар» (Хужурат сүресі, 13-аят). «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят).

          Асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері де аят әміріне сай «Кез келген мүминнің үш күннен артық ренжісіп жүруі халал емес. Үш күн өткен болса, онымен кездесіп, оған сәлем берсін. Егер сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Ал, егер сәлемін алмас, сәлемді алмаған кісі күнәһар болады. Сәлем берген кісі реніші басылып, райынан қайтқан болып есептеледі» деп мұсылман бауырлардың бір-біріне қол көтермек түгілі, ренжісуінің өзін мұсылмандыққа жат мінез екендігін айтады.

          Осы орайда ислам діні бауырмалдықтың ақысын, шек-шекарасын да белгілеп, бауырмалдықтың көрініс табуы сынды мәселелерді назардан  тыс қалдырмаған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кейбір хадистерінде мұсылманның мұсылман бауыры алдындағы ақысы алтау делінсе, екінші бір хадисінде отызға дейін жеткізілген. «Мұсылманның мұсылманға алты ақысы бар: Егер жолықтырсаң сәлем беруің, егер сені шақырса жауап беруің, насихат сұраса насихаттауың, егер түшкіріп, артынан (әлхамдулилла деп) Алланы мадақтаса оған (Аллның рахметі болсын (ярхамукалла) деп дұға жасауың, егер ауырса зиярат етуің, ал егер қайтыс болса (жаназасына) еруің (яғни қатысуың)».

          Екінші бір хадис бойынша «Мұсылманның мұсылманда отыз ақысы бар, оларды орындамайынша немесе кешпестен мойнынан түспейді: қателігін кешіреді, көз жасына мейірімділік танытады, әуретін жабады (яғни кемшілік-қателігі болса жария етпейді), кем-тетігін кетіреді, біреу ғайбаттаса ақтап алады, үнемі насихат айтады, достығын сақтайды, иелігіне бас-көз болады, ауырса зиярат етеді, жаназасына қатысады, шақыруына жауап береді, сыйлығын қабыл алады, байланысын үзбейді, қарайласса рахметін айтады, көмектессе толыққанды жасайды, келіншегіне қорғаныш болады, қажетін өтейді, қиындығында шапағатшы болады, әдемі сөздермен сөйлейді, жақсылығын жақсылықпен қайтарады, ант ішсе сөзін өтірікке шығартпайды, залым не мазлұм болса да жанынан табылады, жауласпайды, жолдастық мәміле құрады, өзіне қалаған жақсылықты оған да қалайды, өзінің жаман көргенін оған жуытпайды».

Мұсылманның мұсылман баласы алдындағы міндеттері Құран ақиқатынан бастауын алады. Біз мақалада солардың кейбіріне ғана тоқталып өтеміз.

Дініміз бойынша бауырдың бауыр алдындағы ең бірінші ақысы – көргенде сәлем беріп, амандасу. Бұл – Алланың бұйрығы: «Егер де сендерге сәлем берілсе, одан абзал түрде жауап қатыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар» (Ниса, 4:86). Өкінішке қарай, сәлем беруде сараңдық танытып жататын бауырлардың қателігі Құран аяттарынан қаперсіздігінен болса керек.  

Бауырдың бауыр алдындағы екінші ақысы – бір-біріне жәрдем беріп, қол ұшын созу. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Демек, жақсылықта жарысып немесе қайырлы істерге қолдау білдіріп, арамдыққа бастайтын қайырсыз істерге жәрдем бермеу – мұсылмандық.

Бауырдың бауыр алдындағы үшінші ақысы – араздасқан бауырларды татуластыру немесе екі бауыр ренжіскен жағдайда бірінші болып татулыққа шақыру. Бұл да – мұсылмандық шарты. «Шын мәнінде, мүминдер бір-бірімен бауыр. Сондықтан, бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар» деп бұйыруда.

Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Алланың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің – діндар болғандарың» деп ескертілген.

Міне, осындай ел бірлігі мен тыныштығына бастайтын бауырмалдықтың асқан үлгісін көрсете алсақ, елдігіміздің абыройы. Егер қазақ баласы бір-біріне жалғызындай қарап, ғылым мен білімде қолдап, әлеуметтік тұрғыдан қиналған жанға қол ұшын созып, ағасы қарындасына қорған болып жатса, ел ырысының артқаны. Алла Тағала лайым сол күнге жеткізгей!

 

Өсімхан АМАНБАЙҰЛЫ,

Атырау қалалық

«Әт-тақуа» мешітінің бас имамы.

Жоғарыға