Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Діни сауатты жас - ел болашағы!

Адамзаттың екі дүниеде бақытты болуын қалайтын асыл дініміз Ислам ғылым мен білімге аса мән берген. Мұның нақты дәлелін Пайғамбарымыз Салла Аллаһу алейxи уә сәлләмға алғаш уаxи етілген Құрани Кәрімнің алғашқы аятында нақты айтылған.

Алла Тағала «Алақ» сүресінің 1-5 аяттарында:  «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен», – деп бұйырған. Сол себепті мұсылман жұрты Құранның бұлтартпас қағидаларын орындап, аяттардың мағынасына ой жүгіртіп, білімге, мәдениетке аса ерекше көңіл бөлді. Ақиқатында Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Алла елшісінің Салла Аллаһу алейxи уә сәлләмнің хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға үндейді. Сондай-ақ Зүмәр сүресінің 9-шы аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» Деуі арқылы Алла Тағала білімді құлы мен білімсіз құлының ара жігін ашып көрсетуде.

Пайғамбарымыз Салла Аллаһу алейxи уә сәлләмнің хадисінде: «Ғылым үйрену – әрбір мұсылманға парыз» десе келесі бір хадисінде: «Кім де кім білім іздеу жолына шықса, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы, айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте, ғұламалар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар мұраға динар немесе дирхам қалдырған жоқ, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде-кім Пайғамбарымыз Салла Аллаһу алейxи уә сәлләмнің мұрасын алса, мол үлесті алған болады», – дейді.

Білімнің маңыздылығына аса қатты мән берген Алла елшісі Салла Аллаһу алейxи уә сәлләм келесі хадисінде «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманнан білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені», – деп айтқан. Дәстүрлі дінімізді нық ұстанған қазақ ағартушысы, ұлы тұлға Міржақып Дулатұлы: "Әуелі үйренетін бір ғылымың, Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың. Шарттарын исламның кәміл білсең, Ахиреттік азық берер шын ғылымың. Бұйырған, тыйған ісін шариғаттың: Секілді фарыз, уәжіп мұны ұғуың: Хат жазып, түркі танып, құран оқып, Қираәт қағидамен жүргізуің" деуі арқылы жастарды, болашақ ұрпақты әуелі діни сауаттылыққа шақырған.

Қасиетті Құран Кәрімде Раббымыз былай дейді:  «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» («Нахл» сүресі, 43-аят). Мұсылман жан-жақты болуы тиіс. Ғылым мен технология дамыған заманда дамыған елдермен терезе теңестіру үшін сапалы білім қажет. Сол себепті алтын уақытымызды пайдалы білім үйренуге жұмсау керекпіз. Не десек те мұсылман баласы діни ілімімен дүнияуй білімін ұштастырған да ғана ұтары анық. Ал мұны өткен мұсылман ғалымдарымыз қалыптастырды. Мысалы Ибн Сина медицина саласында өшпес із қалдырса, |Х ғасырдың ұлы ғалымы Әл-Хорезми математика, Астрономия, Жағрафия және Тариx ғылымдары бойынша сүбелі еңбек жазған ұлы тұлға. Құранның бүкіл ғылыммен сабақтасып жатқанын мойындаған қаншама ғалым дүниеден өтті.

Солардың бірі Француздың ең атақты дәрігері Морис Бюкай еді. Ол Мұса Пайғамбар дәуіріндегі Қасиетті Құран Кәрімде аты аталған залым патша Перғауынның суға батып өлгенін дәлелдеп, кейін Исламды қабылдап, мұсылман болды. Ислам дінінің мақсаты – адам баласын бұл дүниеде және ақыретте бақытқа кенелту. Алла Тағала Құранда: «Намаз өтелген кезде жер жүзіне таралыңдар да, Алланың кеңшілігінен несібе іздеңдер. Және де Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма», 10), – дейді.

Сондықтан құрметті ағайын мынау теxнология сағат санап қарыштап дамып бара жатқан сәтте Қазақтың әр-бір ұл-қызының уақыттарын бос, пайдасыз нәрселермен өткізуі Жаратушымыз Хақ Тағала алдында да Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты Аллаға ғана сиынып, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалуға себепкер болған бабаларымыздың руxтары алдында да кешірілмес қателік болмақ. Ел болашағына жалғыз ғана даңғыл жол ол-сауаттылық!


Ержан Қағазғалиев,

Атырау облыстық "Иманғали" мешітінің наиб имамы

Жоғарыға