Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алғашқы азан

Алғашқыда намаз уақытын жамағатқа білдіру үшін тек «намазға, намазға» - деп айтылатын. Азан кейіннен Пайғамбарымызға сыйлық ретінде берілді.

         Аллаһ Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) халықты намазға қалай шақыру керектігі жайында сахабаларымен ақылдасқан еді. Олардың кейбірі: «Намаз уақыты кірген кезде ту тігейік, мұсылмандар оны көрген кезінде бір-біріне хабар берсін», - деді. Бірақ ардақты Пайғамбырымыз бұл ұсынысты ұнатпады.

         Кейбірі яһудилердің сырнайын тартуды ұсынып еді: «Бұл яһудилердің аспабы», - деп оны да қабыл етпеді.

         Намаз уақытында қоңырау соғуды ұсынғандар да болған-ды. Бірақ Хазіреті Пайғамбарымыз: «Ол христиандардың ісі», - деді.

         Расулұллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дертімен дерттеніп, оның уайымына ортақ болған Абдуллаһ бин Зәйд (радиаллаһу анһу) ол жерден шығып кетті. Сосын ұйқылы-ояу кезінде оған Пайғамбарымыздың азаны сый ретінде берілді. Сөйтіп дереу ол Расулұллаһқа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) барып:

 «Ұйқылы-ояу кезімде маған біреу келіп азанның сөздерін үйретті», - деді.

Хазіреті Омар (радиаллаһу анһу) да дәл осындай түс көрген еді. Осыдан кейін Аллаһ Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

«Ей, Біләл! Орныңнан тұр. Абдуллаһ бин Зәйдтің айтқандарын қайталап айт», - деді.

Біләл (радиаллаһу анһу) Абдуллаһтың айтқандарын айнытпай қайталап азан айтты.

Осылайша азан уәжіп үкімінде сүннет болып қалыптасты. Өйткені ол «садық руйа» (шынайы түс) арқылы, Пайғамбардың сүннетімен әрі иләһи уахи бойынша бекітілді. Бұл жайында Құран Кәрімде:

«Оларды намазға шақырған сәттеріңде...» - деп келген.

Дегенмен азан Абдуллаһ бин Зәйдтің (радиаллаһу анһу) шынайы түсінің әсері арқылы болғанымен, адамзаттың Асыл Тәжі Пайғамбарамыздың мақұлдауымен бекітілді. Біләл Хабәшидің алғашқы азаны бүкіл Мәдинаға естіліп, азан дауысы көк аспанды жаңғыртты. Мүминдер қатты қуанып мешітке қарай жүгірді.

Халықты намазға шақыру үшін Пайғамбарымызға әр түрлі ұсыныстар айтылса да, ол бұлардың ешбірін қабыл етпей, тек осы азанды ғана разылығымен, шын жүрегімен қабыл етті.

Азан – аят пен хадистер арқылы бекітіліп, мың төрт жүз жылдан мүминдер үшін дағуат ретінде жалғасып келеді. Сондықтан азан өзінің түп нұсқасынан бөлек басқа бір үлгіде айтылмайды. Қорыта айтқанда азан көк аспанның тәңірлік дауысы іспеттес.

Азан турасында Хазіреті Пайғамбарымыз  (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

«Азанды естіген кездеріңде азаншының айтқандарын сөзбе-сөз дәл солай қайталаңдар. Кейін маған мадақ тілеп салауат айтыңдар. Егер кімде –кім  салауат айтатын болса, Аллаһ Тағала да оған он есе мейірімін төгеді.  Одан кейін мен үшін Уәлисәні

 (жәннаттағы орын)  сұраңдар. Ол жәннатта Аллаһтың  құлдарының біріне нәсіп болатын мақам. Ол мақамға лайық болатынымды үміт етемін. Кімде-кім мен үшін Аллаһтан Уәлисаны сұрайтын болса, ол кісіге шапағатым уәжіп болады».

Аллаһ Расулі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде азаншымен бірге азан сөздерін қайталаған кісінің жәннатқа кіретіндігін айтқан.

Сонымен қатар азанның Аллаһ тарапынан жіберілгендігі жайында, әрі оны растайтын көптеген хадистер айтылған. Олардың кейбіреуін тілге тиек ететін болсақ:

«Еш кері қайтарылмайтын, кері  қайтарылса да өте аз қайтарылатын екі дұға бар: Азан айтылып жатқанда жасалған дұға мен Аллаһ жолындағы жиһадта ұрыс басталған кездегі дұға».

Егер адамдар азан айтудың және намазда алғашқы сапта тұрудың сауабын білетін болса, әрі бұл жолда араларында шек тастаудан басқа жол қалмаса, күдіксіз осылай жасайтын еді».

 

«Намазға азан айтылған кезде шайтан артынан дауыстап жел жіберіп,азан дауысы естілмейтіндей жерге дейін қашады. Азан біткен соң қайтып келеді. Қамат айтыла бастағанда тағы да қашып кетеді де, біткеннен соң керік келеді. Сосын намаздағы кісі мен оның жүрегінің арасына кіріп: «Мына нәрсені есіңе түсір, ана нәрсені ойла!» - деп, еш ойында жоқ нәрселермен азғырады. Бұның азғырғандығы  соншалықты алданып қалғандығынан, кісі қанша рәкағат намаз оқығанын білмей де қалады».


«Иманғали» орталық мешітінің

 

найб имамы Мустафаев Мурат

Жоғарыға