Тәубенің маңыздылығы
Тәубе сөзінің тілдік мағынасы қайту, оралу дегенді білдіреді. Ал, шариғатымыздағы мағынасы күнә жасаған, тура жолдан алшақтап кеткен пенденің істеген күнәсі үшін өкініш білдіріп, Раббысына қайта оралуы, жүрегін қаралап, жан-дүниесіне сызат түсірген күнәсін жуып-шаюуы дегенді білдіреді. Ал, тәубе етудің маңыздылығын айтар болсақ, Қасиетті Құран Кәрімде тәубе қылудың өте маңызды екенін айғақтайтын әрі тәубешіл пенделердің артықшылығын баян ететін көптеген аяттар келген, соның бірі: «Күмәнсіз, Алла тәубешіл құлдарын және (тәндік әрі рухани ластықтан) тазаланушыларды жақсы көреді», – деген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Салла Аллаһу алейһи уә сәлләмнің хадисінде: «Құлы тәубеге келгендегі Жаратушыныңқуанышы қайсы біреуіңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде жолықтырған сәтіндегі қуанышынан әлдеқайда артық», – деп, Алла Тағаланың пендесі тәубеге келгенде қатты қуанатындығын жеткізген. Алла елшісінің тағы бір хадис шәріпінде пенде қанша жерден күнә іс жасаса да, соңғы демі алқымына тақалмайынша, Алланыңмейірімінен үміттеніп, шын ықыласымен тәубе қылған жағдайда тәубесі қабыл болатындығын дәлдеп тұрып айтқан. Иә, бұның барлығы бізге тәубенің адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Себебі, Алла расулі Салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: «Барлық адамдар күнә жасайды. Ал, пенделікке бой алдырып, күнә жасағандардың ізгі-жақсылары уақыт өткізбей тәубе еткендер», – деген. Осы орайда, алды-артын аңдамайтын, қызу-қанды жастардың аңдамай басып, күнәға батуы айтпаса да белгілі жәйт. Тіптен жастардың егде адамдарға қарағанда күнәға жиі ұрынуы таңғаларлық дүние емес. Өйткені, қызуы мен қызығы мол жастық шақта асау нәпсіні құмарлық атаулының барлығынан бірдей қорғай білу кімге болса да оңайға соқпасы айдан анық. Міне, сол үшін де жоғарыда келтірген хадистегі егде тартып, құмары мен күш-қуаты әлсіреген адамның тәубесіне қарағанда, жастардың тәубесінің Алла құзырындағы алар орны ерекше екендігі айтылуда. Олай болса, Аллаға шын көңілден иман еткен әрбір жас асау нәпсіге бой алдырып, күнәлі іс жасаған бойда тез есін жинап, жасаған күнәсі үшін өкініп, Жаратушыдан кешірім тілеуі керек. Кешірім тілеп ғана қоймай, нәпіл намаздарын оқу, нәпіл оразалар ұстау, садақа беру және өзін Алланың мейір-шапағатына бөлейтін басқа да көптеген игі істер істеу арқылы күнәсінан тазалғаны, сүйтіп жүрегіне түскен кірден дер кезінде арылғаны абзал. Мұны істеген әр-бір жастың руханият дүниесі әрдайым тірі болып қала берері сөзсіз. Ал, істеген күнәсі үшін титтей де мойымайтын, пәтуәсыз, пенденің тәні тірі болса да, руханиятының тірі, санасы ояу болады деу орынсыз. Осыған байланысты қасетті Құранның «Фурқан» сүресінде былай делінген: «Кімде-кім (жасаған күнәсі үшін) өкініп, тәубеге келсе, және иман етіп, (өзін әрі қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай құлдарының жамандықтарын жақсылыққа (күнәларын сауапқа) айналдырады. Алла өте кешірімді, (әсіресе, тәубе етіп, Өзіне жан-тәнімен бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді». Бұл аятта күнә жасағаннан кейін уақыт салмай тәубеге келіп, ізгі істер жасағандардың тәубесі қабыл болатындығы, тіптен күнәлары сауапқа айналатындығы айтылуда. Иә, асыл да ақиқат дініміз исламдаүлкен күнәні былай қойғанда, харамға көзі түсіп кеткені үшін қатты өкініп, сәждеге бас қойған, күнәсінан арылу үшін мұқтаж жандарға қол ұшын беруге асыққан, Алладан таңның атысы күннің батысы кешірім тілеп, жүрекке түскен қою дақты көз жасымен өшіре білген қаншама тәубешіл жандар, соның ішінде қаншама тәубешіл жастардың болғаны белгілі. Жүректі лағнеті шайтанның уәс-уәсінен қорғау, әрі шалыс басып, күнә жасаған бойда бірден сәжде жасап, тәубе ету олардыңғұмырларындағы ең басты ұстанымы еді десек артық айтқан болмаспыз. Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім келеді. Халқымызда осы бір ақиқатты нұсқайтын Расулуллаһ Салла Аллаһу алейһи уә сәлламның хадисімен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ», – деген аталы сөз бар. Біздің сенімімізде күнәдан пәктік тек періштелер мен пайғамбарларға ғана тән қасиет болып табылады. Ендеше, періштедей күнә атаулыдан пәк болу емес, мақсат мұратымыз нәпсіге еріп немесе қателесіп күнә жасап қойған жағдайда бірден тәубе етіп, Алладан жарылқау тілеуде. Ал, тәубе қылу сөз жүзінде Болып қалмауы керек. Алла алдында тәубеніңқабыл болуының басты қағидасы – өкініш. Себебі, өкініш – жасалған күнәнің мәйегіне жеткендікті білдіреді. Міне, сондықтан да Алла елшісі Салла Аллаһу алейһи уә сәлләм және бір сөзінде: «Өкініштіңөзі тәубе», – деп айтқан. Шынайы тәубенің бұдан басқа да маңызды шарттары бар, соның бірі – жасап қойған күнәні екінші мәрте қайталамауға тырысу болса, енді бірі – күнәнің артынан уақыт оздырмай бірден тәубеге келу. Сондай-ақ, егер жасалған күнә кісі ақысына қатысты болса, ақысы кеткен адамнан кешірім сұрап, көңілін табу да тәубенің маңызды шарттарының біріне жатады. Алла Тағала қасиетті Құранда Өзіне серік қосудан өзге күнә атаулының барлығын кешіретіндігін айтып, уәде берген. Жаратушы берген уәдесінен әсте таймайды. Олай болса, Аллаға серік қосудан өзге қандай үлкен күнәға батсақ та, күнәларымыз қанша жерден көп болса да, Аллаһтың «әл-Ғафур», «әл-Ғаффар», «әт-Тәууәб» деген есімдеріне, бізге берген хақ уәдесі мен шексіз мейіріміне үміт арта отырып, біліп, білмей, жасырын, жария жасаған әрбір қателіктің артынан үнемі тәубе жасап отыруымыз керек. Сонда ғана періштелердің дұғасында болып, Жаратушы Жаббар иенің сүйікті құлдарыныңқатарына қосыларымыз ақиқат.
Ержан Қағазғалиев
Атырау қалалық "Сұлтан Бейбарыс" мешітінің бас имамы.