Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ибраһим (аләйһиссәләм) және Ханиф діні

Меккеде жалпылама пұтқа табынушылық үстем болғанымен, таухидтың іздері де толығымен жойылмаған еді.  Хазіреті Ибраһимнің  уйреткен таухид  дінін аз да болса бірнеше кісі ұстанатын.

«Аллаһтың досы» деген мағынадағы «Халилуллаһ» сипатына ие болған  Ибраһим (аләйһиссәләм)  «Улул азм» (Ұлы) пайғамбарлардың бірі. Көптеген  пайғамбарлардың, сондай-ақ  Хазіреті  Пайғамбарымыздың  (саллаллаһу аләһи  уә сәлләм )  да атасы.  Аллаһ  Тағала  Ибраһимге (аләйһиссәләм)  он  сухуф  (парақ)  уахи жіберген.

Құран Кәрімде Хазіреті Ибраһимнің  есімі жиырма бес сүреде,  алпыс тоғыз  рет айтылған. Сондай-ақ  Әууах  (көп мұңайған),  Халим (жұмсақ  мінезді),  Мүниб  (Аллаһқа сыйынушы), Қанит (Аллаһқа құлшылық қылушы), Шакир (көп  шүкірлік етуші) және  Ханиф сияқты әр түрлі есім сипаттармен аталып, мақтау мен мадаққа лайық болған.

Ибраһимнің (аләйһиссәләм)  дінін  ханиф деп атаған.  Ханиф сөзі  сөздіктерде  «қисықты тастап  тура нәрсеге бет алған,  тура жолдағы,  басқа діндер мен бұзық сенімдерден қашып жалғыз  Аллаһқа иман келтірген» деген мағыналарды білдіреді.

Жаһилият дәуірінде түрлі адасушылықтан және пұтқа табынушылықтан  аулақ  болып Хаққа бет бұрған, Хазіреті Ибраһимнің дініне сеніп, жалғыз Аллаһқа иман келтірген кісілерді де ханиф деп атайтын. Уарақа бин Нәуфәл, Абдуллаһ бин Жахш, Осман бин Хууайрис, Зәйд бин Амр, Құсс бин Сайда сияқты кісілер де ханифтен еді. Ханифтер жансыз, тілсіз, еш нәрсеге шамасы келмейтін пұттардың  алдында бас июді, оларға  жалбарынуды жиіркенішті іс санайтын.

Пайғамбарлығынан бұрын Хазіреті Расулұллаһ (саллаллаһу  аләйһи уә сәлләм)  Бәлдахтың  төменгі  жағында болған бір сәтте ол жердегілер оны дәмге шақырды.  Дастархан басында Зәйд бин Амр  бин  Нуфәйл  де бар еді. Әлемдердің  сұлтанына ет ұсынылды. Ардақты Пайғамбарымыз бұл асты жемегендіктен , Зәйд те оны жеудени бас тартты. Зәйд етті неге жемегендігін былай түсіндірді:

-Мен сендердің пұттарыңның атына сойған еттеріңді жемеймін. Мен тек Аллаһтың аты айтып  сойылғанды ғана жеймін.

Зәйд малдарын пұттарұа атап сойғандықтан  Құрайш тайпасын айыптап, оларға былай дейтін:

-Қойды Аллаһ жаратты. Ол үшін  көктен жаңбыр жауғызды, жерден  өсімдік шығарды. Ал сендер болса оны  Аллаһтың  атын  атамастан  бауыздайсындар. 

Басқа бір риуаятта былай айтылады:

Зәйд бин Амр жанына Уарақа бин  Нәуфәлді ертіп, шынайы дінді іздеп соған кіру үшін Шамға кетті.  Ол жерде бір яһуди ғалым  кісіге жолығып, одан  діндері жайында  сұрақ  сұрайды да:

          -Бәлкәм дініңізге кірермін, маған ол жайында айтып беріңізші ,-деді.

Яһуди:

          -Сен Аллаһтың қаһарынан өз нәсібінді  алмайынша біздің  дінімізге кіре алмайсың,- деп жауап берді.

Зәйд:

          -Мен Аллаһтың қаһарынан қашып осы жерге келдім, Аллаһтың қаһарынан қандайда бір үлес алуға тіптен ниетім жоқ. Сен маған басқа бір дін көрсет (соған кірейін),- деді.

Яһуди ғалым:

-        Мен Ханифтен басқа дін білмеймін,- деп жауап берді.

Сонда Зәйд:

-        Ханиф деген не?- деп сұрады.

Яһуди ғалым:

          -Ол Хазіреті Ибраһимнің діні. Ол яһуди де, христиан да емес еді. Аллаһтан өзге еш нәрсеге де табынбайтын,- деді.

          Зәйд оның қасынан кеткен соң бір христиан ғалымына жолықты. Одан да дәл жаңағы нәрселерді сұрады.

Ол да:

- Сен Аллаһтың қаһарынан өз нәсібінді  алмайынша біздің  дінімізге кіре алмайсың,- деп жауап берді.

Зәйд те оған былай деді:

-Онсыз да мен Аллаһтың лағнетінен  қашып осы төңіректерге келдім. Шамам келгенше еш уақытта Аллаһтың лағнетінен алмаймын. Сен маған бұдан басқа дін көрсетесің бе?

Ол ғалым да әлгі яһуди ғалымы секілді ханиф жайында айтты. Зәйд олардың Хазіреті Ибраһим хақындағы сөздерін естіген соң ол жерден қайтты.  Сыртқа шыққан соң қолдарын жайып:

Аллаһым сен куә бол, мен Ибраһимнің (аләйһиссәлләм) дініндемін,-деді.

Әбу Бәкірдің қызы Әсма (радиаллаһу анһумә) айтады:

«Зәйд бин Амрдың түрегеп тұрып арқасын Қағбаға сүйеп былай дегенін естідім:

-Уа, Құрайш жамағаты! Уаллаһи менен басқа ешбірің  Ибраһимнің (аләйһиссәлләм) дінінде емессіңдер».

Зәйд тірідей топыраққа көмілейін деп жатқан қыздарды аман алып қалатын. Қызын  өлтірейін деп жатқан адамға:

-Оны өлтірме, оның шығындарын өзім көтеремін,-деп ол қызды өзіне алатын. Қыз өсіп бой жеткен соң әкесіне:

-Қаласаң оны саған тапсырайын, қаласаң бұрынғыдай өзім қарай берейін ,дейтін.

Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  Ханифтерден Уарақа жайында :

«Оны жәннаттың ортасында үстіне сүндүстен тігілген киім киген күйде көрдім»,- дейді.

Зәйд жайында да:

«Ол қиямет күнінде менімен Исаның (аләйһиссәләм) арасында бөлек бір үммет ретінде тірілтеді», - деген.

Жоғарыда айтылған Ханифтер алдыңғы киелі  кітаптардан азын-аулақ хабарлары болғандықтан «соңғы пайғамбардың» шығатын уақыты жақындағанын білетін, әрі оны сағынышпен күтетін.

Ислам ғалымдарының көпшілігінің айтуынша Пайғамбарымыздың (аләйһиссалату уәссәләм)  әкесі мен  шешесі  Меккедегі ханифтерден болатын.

Ханиф Исламның таухид сенімінен әсте өзгеше емес еді. Сондықтан Хақ Тағала Хазіреті Пайғамбарымызға Ханиф болған Ибраһимнің (аләйһиссәләм)  дініне еруді Құран Кәрімде былай бұйырған:

«Сонан соң саған (Ей,   Расулім!) «Ханиф болған Ибраһимнің дініне ер. Ол мүшріктерден емес еді»,- деп уахи еттік».

Осы себептен Ханиф сөзі Ислам діні үшін де қолданылған және шынайы, ықыласты мұсылмандарға «Ханиф» сипаты берілген. Сондай-ақ Хазіреті Пайғамбарымыз:

«Мен мейірбанды Ханиф дінімен жіберілдім», - деген.

Жоғарыға