Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Исламдағы бала тәрбиесі

Қоғамдағы өзекті, әрі негізгі мәселенің бірі – бала тәрбиесі. Бала біздің ұрпағымыз, болашағымыз, мемлекеттің болашағы, іргетасы. Болашағымызға аса жауапкершілікпен қарау біздің кешегі, бүгінгі, болашақтағы ең негізгі жауапты міндетіміз. Осы міндетті орындау барысында бала тәрбиесінде Ислам дініндегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарға сүйенсек, адал, әрі еңбекшіл жастарды тәрбиелейтінімізге күмәніміз жоқ. Жаратқан Иесі жайлы танымды үйрету, шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау басты мақсат. Бұл жайында Құран Кәрімде былай бұйырылған:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» (Тахрим, 6).

Осы аяттағықұтқарудыңмағынасынӘли ибн Әбутәліп (р.а.): «Оларғағылым-білімүйретіп, әдепкебаулыңдар», – дептүсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллағамойынсұнуғабұйырып, ізгіліктіүйретіңдер», – деген.

Ислам дінінің қағидаларын ұстанған адам адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіріп өсетіні анық.

Бала – ата-ананың қолындағы аманат десек, олардың  жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Балаларға иман, Құран Кәрім және АллаТағаланың әмірлерін үйретіп сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады.  Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы, ұстазы да ортақ болады.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді». (Табарани)

Баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету дұрыс емес. Өйткені, бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде өмірге ренжіп, қиялдары қирап ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа айналады. Әке үнемі қаталдық танытудан сақтанып, аса еркелете де бермеуі керек. Сөйлегенде айбаттылығын сақтап, аралықты ұстанғаны абзалырақ.

Ысырап етпеуді, қанағатшыл болуды балаға жастайынан сіңіру де маңызды. Кейде құр нанмен де күнелтуді әдеттендіру керек. Хадис-шарифте «Адамның діні – досының діні секілді» делінген. Жақсы ортаға және жақсы достарға қол жеткізуге тырысуы керек.

Дүниедегі ең ауыр және ең маңызды іс – адамды өсіріп-жетілдіру. Бір адамның жетілуінде көптеген факторлардың әсері болады. Бұлардың ішінде ең маңыздылары: жанұя, қоршаған орта, оқу орны және бұқаралық ақпарат құралдары.Баланың шыр етіп өмірге келуі - зор қуаныш. Өйткені, бала - өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Құдай Тағаланың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қараған. Бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Өйткені, оның аманат екенін жақсы түсінген. 
Ата-ананың ең үлкен міндеттерінің бірі - мұсылман үмбеті деген атқа лайық иманды перзент тәрбиелеу. Сондықтан қазіргі ата-аналар Ислам дініндегі мәні терең, мазмұнды тәрбие негіздерімен танысып, жаны ізгі, көргенді ұрпақ тәрбиелеп жатса, бұл - тектілігімізге қайта оралғандығымыз, ата-бабаларымыздың ұлы мұратын орындағандығымыз. Артына сауап жолдап тұратын иманды ұрпақ қалдыра білген ата-аналардың екі дүниеде де жүздері жарқын болары хақ.

Ата-ана баласын рухани тәрбиеде ұстаса,сәби күнінен ана тілімен сусындатып, өз халқының әдет-ғұрпын, өз әулетінің шежіресін үйретіп жан-жақты тәрбиелесе, өз ұлтының тарихи мұраларын қастерлесе, ата-ана қадірін білетін, Отанын сүйетін азамат өсіп шығады. Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді.Перзентіңіз үнемі Аллаһтың аятының астында ер жетсе, көкірегі нұрға толы мейірімді Аллаһтың сүйікті пенделерінен болады. Бүгінгі таңда ата-аналар ислами құндылықтарды негізге алатын болса, жастардың бойына адамгершілік құндылықтарды қиналмай жеткізері анық. Сонда ғана қоғамымызда қылмыс, зорлық-зомбылық сияқты заң бұзушылықтар саны кемитіні сөзсіз.

Арман ИСАЕВ,

Жылыой аудандық «Жылыой Мұсылмандар»

мешітінің Бас имамы.

 

 

Жоғарыға